Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың құдасы, кәсіпкер Қайрат Боранбаев Ұлыбританиядағы қымбат жылжымайтын мүліктерінің бірін сатқан. Әңгіме Лондонға жақын орналасқан Вирджиния-Уотер ауылындағы зәулім үй туралы болып отыр. Бұл елдімекенді кейде "миллиардерлер ауылы" деп те атайды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бұл туралы "Выход к морю" телеграм арнасы жазды. Ұлыбританияның жылжымайтын мүлік тізіліміндегі мәліметтерге сәйкес, аталған үйді Қазақстанда туған кәсіпкер Мира Анафина сатып алған. Келісім 2024 жылдың соңында жасалған. Алайда мүліктің нақты қаншаға сатылғаны әзірге белгісіз.
Мира Анафина – "Казкоммерцбанктің" бұрынғы директоры, Meridian Capital инвестициялық холдингінің негізін қалаушылардың бірі Азат Әбішевтің жұбайы.
Ашық деректерге қарағанда, Қайрат Боранбаев Вирджиния-Уотердегі бұл үйді 2016 жылы сатып алған. Сол кезде зәулім мүлік үшін қанша қаржы төленгені айтылмаған. Дегенмен құжаттарда оның құны 1 млн фунт стерлингтен жоғары болғаны көрсетілген. Сарапшылар бұл нысанды 10-15 млн фунт стерлинг аралығында бағалаған.
Бұдан бөлек, Боранбаевтың Ұлыбританияда басқа да жылжымайтын мүліктері бары айтылады. Лондон орталығынан шамамен 30 минуттық жерде орналасқан ауылдағы тағы бір активінің құны 25,5 млн фунт стерлингке бағаланған. Аумағы 2 мың шаршы метр болатын зәулім сарайда кинотеатр, бассейн, жаттығу залы, сауна және спорт алаңы бар екені көрсетілген.
Сондай-ақ кәсіпкердің Лондон қаласының өзінде де тұрғын үй апартаменттері бар екені хабарланды. Ондағы пәтерлердің құны 155 млн фунт стерлингке дейін бағалануы мүмкін.
Қайрат Боранбаевтың қызы Әлима 2013 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені Айсұлтан Назарбаевқа тұрмысқа шыққан. Дариға Назарбаеваның ұлы Айсұлтан Назарбаев 2020 жылы қайтыс болды.