ҚазҰУ Студенттер сарайында заңбұзушылық анықталды

Қаракөз Амантай 14 қаң. 2025 14:00 495

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті (ҚазҰУ) Студенттер сарайында қайта жөндеу жұмыстарын заңсыз бастаған. Бұл туралы Алматы қаласының мәдениет басқармасы мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Басқарма мәліметінше, Студенттер сарайы 2021 жылдың 17 наурызындағы №1/191 қаулыға сәйкес Алматы қаласының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген (№115).

Басқарма өкілдері ҚазҰУ тарапынан Студенттер сарайында ғылыми-реставрациялық жұмыстар жүргізу туралы өтініш түскенін айтты. Алайда “Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы” заңның 32-бабының 2-тармағына сәйкес, мұндай жұмыстар тарих және мәдениет ескерткіштеріне арналған ғылыми-реставрациялық жұмыстардың ғылыми-жобалық құжаттамасына сай жүргізілуі тиіс.

“Осыған байланысты басқарма заңнама талаптарына сәйкес әзірленген ғылыми-жобалық құжаттаманы ұсыну қажеттігі туралы жауап берген. Алайда, бүгінгі күнге дейін тиісті құжаттар ұсынылған жоқ. Заңның 37-бабына сәйкес, тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзу заңда белгіленген жауапкершілікке әкеледі”, – деп хабарлады басқарма өкілдері.

Айта кетейік, бұған дейін 1989 жылы салынған Студенттер сарайының сыртына қапталған қабыршақ тастың түсе бастағаны белгілі болған еді.

Еске салайық, бұған дейін депутат Бақытжан Базарбек жер мәселелеріндегі сот шешімдеріне қатысты басты проблеманы атаған еді. Бұл туралы Dalanews.kz Bes.media-ға сілтеп хабарлады.

Республикалық жер комиссиясы Jer Amanaty төрағасының орынбасары, депутат Бақытжан Базарбек Қазақстандағы жер мәселелері бойынша сот шешімдерінің орындалмауына байланысты ҚР Бас прокуроры Берік Асыловқа сауал жолдады.

Бақытжан Базарбек соттың ғимараттарды немесе жер учаскелерін бұзу немесе қайтару туралы шешімдерінің орындалмай жатқан нақты мысалдарын келтірді.

"Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ маңындағы заңсыз иеленген жер учаскесі сот шешімімен мемлекет меншігіне қайтарылуы керек еді, ал ол жердегі бизнес-орталық бұзылуы тиіс болатын. Алайда бұл жер әлі күнге дейін мемлекетке берілмеген, ал бизнес-орталық әлі де жойылған жоқ", – деді депутат.

Алматыдағы алма бақтарына қатысты іс бойынша да осындай жағдай орын алған.

"2021 жылдың 13 қаңтарындағы Алматы мамандандырылған экономикалық сотының шешімі және 2023 жылдың 25 желтоқсанындағы Алматы қалалық сотының жердің мақсатты тағайындауын өзгерту және сату-сатып алу келісімшартын жою туралы қаулысы орындалмаған. Сот арқылы алма бақтары заңды түрде мемлекетке қайтарылды, бірақ іс жүзінде жеке және заңды тұлғалардың қолында қалып отыр", – деді Базарбек.

Депутат Алматыда заңсыз салынған тұрғын үйлерді бұзу бойынша 86 талаптың тек 59-ы ғана қанағаттандырылғанын атап өтті. Оның айтуынша, әділет органдары мен сот орындаушылары сот шешімдерінің орындалу мерзімдерін әдейі созып, кедергілер жасайды.

Бақытжан Базарбек Шымкенттегі мысалды да келтірді. Онда 2023 жылдың 17 мамыры мен 13 шілдесіндегі Шымкент мамандандырылған экономикалық сотының шешімдері бойынша Hyundai дилерлік орталығы мен тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесін беру туралы қала әкімінің барлық қаулылары жойылған. Депутат бұл шешімдердің орындалуы әдейі кейінге шегерілуде деп санайды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар