ҚазҰУ-дағы қайғылы оқиға: министр 1-курс студентінің қазасына байланысты пікір білдірді

Қаракөз Амантай 12 там. 2025 13:16

Алматыда ректораттың 14-қабатынан құлап қаза тапқан студент қыздың оқиғасына қатысты тергеу әлі де жалғасып жатыр. Жоғары білім және ғылым министрі Саясат Нұрбек осы жағдайға пікір білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

“Тергеу органдары өз жұмыстарын атқарып жатыр. Бір ғана нәрсе айтамын: бұл – негізінен ішкі және жеке трагедия. Мендегі ақпарат бойынша, “өзін-өзі өлтіруге итермелеу” бабы бойынша қылмыстық іс қозғалады. Мұның университетке де, оқу процесіне де қатысы жоқ”, — деді Саясат Нұрбек.

Еске салайық, бұған дейін Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректорат ғимаратында қайғылы жағдай орын алған еді. Бірінші курс студенті 14-қабаттан құлап, қаза тапты.

Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл дерек бойынша Бостандық ауданы полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады.

"Қазір оқиғаның нақты себебі мен мән-жайы анықталуда. Алдын ала болжам бойынша, қайғылы жағдайдың себебі отбасылық мәселелерге байланысты болуы мүмкін", – делінген полиция хабарламасында.

Полиция департаменті қала тұрғындары мен әлеуметтік желі қолданушыларын ресми ақпаратқа ғана сүйенуге және шындыққа сай келмейтін мәліметтерді таратпауды сұрады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар