Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 90 жылдығы мен корейтану бөлімінің 30 жылдығы аясында «Жасанды интеллект дәуіріндегі Орталық Азиядағы корейтанудың рөлі мен болашағы» атты ХІІ Орталық Азиялық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті.
Корея Республикасының халықаралық Korea Foundation қорының қолдауымен Орталық Азия елдеріндегі корейтану ғылымының өзекті мәселелерін талқылауға арналған конференция жыл сайын ұйымдастырылып келеді. Қазіргі уақытта корейтану ғылымы Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзірбайжан сияқты елдерде қарқынды дамуда.
Іс-шараға Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев, Корея Республикасының Алматы қаласындағы бас консулы Пак Нэчхон, KF қорының төрағасы Ким Ки Хван, Орталық Азия корейтанушы-оқытушылар қауымдастығының төрайымы М.А.Шерикулова және т.б. қатысып, конференцияның салтанатты ашылуында құттықтау сөз сөйледі.
Конференция жұмысын ашқан ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев өз сөзінде Қазақстан мен Корея арасында ғылым және білім беру саласында тұрақты ынтымақтастық орнатылғанын және Корей елінің университеттерімен академиялық ұтқырлық, түрлі ғылыми жобаларды бірігіп жүзеге асыру бойынша мол тәжірибе жинақтағанын атап өтті.
Айта кету керек, өткен аптада Оңтүстік Корея Президенті Юн Сук Ель Қазақстанға арнайы сапармен келді. Бүгінде Қазақстан мен Корея арасындағы тауар айналымы 6 миллиард долларға жетті. Сонымен қатар елде Оңтүстік Корея капиталымен 700-ден астам бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «мұның бәрі бірлескен күш-жігердің нәтижесі» деп атап өтті.
«Жақын арада екі ел арасындағы қарым-қатынас барлық салада өркендейтіні сөзсіз. Олардың ішінде ғылым мен білім саласындағы ынтымақтастық жемісті болады», – деді ҚазҰУ ректоры.
Халықаралық екікүндік конференцияға Оңтүстік Кореяның Енсе, Инчхон, Санмен, Чоннам, Чонбук университеттері, Эрджиес университеті (Түркия), Ташкент мемлекеттік шығыстану университеті, Өзбек мемлекеттік әлем тілдері университеті, Қырғызстанның К.Қарасаев атындағы Бішкек мемлекеттік университеті, РФ Мәскеу жоғары экономика мектебі, Абылай хан атындағы ҚазХҚжӘТУ және т.б. жоғары оқу орындарының корейтанушы профессорлары мен оқытушылары қатысты.
Конференцияның пленарлық отырысынан кейін жұмыс үш секция бойынша жалғасты. Онда ғалымдар жасанды интеллект, ақпараттық технологияның жаңа мүмкіндіктерін корейтану ғылымында, корей тілін оқытуда қолданудың ерекшеліктері бойынша зерттеулерін баяндап, тәжірибе алмасты, сонымен қоса, корейтанудағы басқа да өзекті мәселелерді талқылады. Конференция барысында құрылтай жиналысында шығыстану факультетінің 30 жылдық тарихындағы жетістіктері мен корейтанудың даму мүмкіндігін қарастырды.
Сондай-ақ шараға қатысушылар 2025 жылы конференцияның өтетін жері мен Орталық Азиядағы корейтанушылардың жаңа басшысын таңдап, дауыс берді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі