Алматының Әуезов ауданында жол жөндеу жүргізіліп жатқан аумақта жеңіл көлік аударылып, жүргізуші мен жолаушы зардап шекті, деп хабарлайды dalanews.kz.
Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, жол-көлік оқиғасы Төле би даңғылы бойында, Ясауи көшесінің қиылысынан батыс бағытта болған.
Алдын ала мәлімет бойынша, Kia автокөлігінің жүргізушісі жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан учаскеде көлікті басқара алмай, салынып жатқан жолайрықтың тіреуіне соғылған. Соққыдан кейін көлік аударылған.
Оқиға салдарынан жүргізуші ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілді. Сондай-ақ көліктегі жолаушыға да медициналық көмек көрсетілді.
Полицияның алдын ала болжамынша, жол апатына қауіпсіз жылдамдық режимін сақтамау себеп болуы мүмкін. Қазіргі уақытта оқиғаның нақты мән-жайы анықталып жатыр.
Осыған байланысты тәртіп сақшылары жүргізушілерге жол жөндеу жүргізіліп жатқан аумақтарда аса мұқият болып, жылдамдықты сақтап, жол жағдайын ескеруге шақырды.