Freedom Inside '26

40 мың литрден астам жанармайды заңсыз әкетуге тосқауыл қойылды

40 мың литрден астам жанармайды заңсыз әкетуге тосқауыл қойылды
UKIMET

Қазақстанда жыл басынан бері жанар-жағармай материалдарын заңсыз шығарудың 593 әрекетінің жолы кесілд, деп хабарлайды dalanews.kz.

Үкіметтің мәліметінше, бұл туралы премьер-министр Олжас Бектеновтің жанар-жағармай материалдары нарығындағы ахуалға арналған кеңесінде ішкі істер министрі Ержан Сәденов мәлімдеді.

Оның айтуынша, автомобиль өткізу бекеттерінде жалпы көлемі 40 мың литрден асатын мұнай өнімдерін заңсыз әкетудің 593 әрекеті анықталған. Шекара маңындағы аумақтарда мұнай өнімдерінің заңсыз тасымалын болдырмауға бағытталған жол картасы аясында күшейтілген бақылау жалғасуда.

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов елдегі жанар-жағармай нарығындағы жағдай тұрақты екенін айтып, бензин, дизель отыны және авиаотын қоры ішкі нарықтың сұранысын толық қамтамасыз етіп отырғанын жеткізді.

Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов соңғы екі тәулікте өткізу бекеттерінде қосымша бактар мен канистрлер арқылы 3 тоннадан астам жанар-жағармайды шығарудың 61 әрекеті тоқтатылғанын мәлімдеді. Сондай-ақ 18 арнайы автокөлік тексеріліп, 34 тонна мұнай өнімін тасымалдаған бір бензин тасығыштан сараптама үшін сынамалар алынған.

Сонымен қатар мемлекеттік кірістер органдары қызмет көлемі қалыптан тыс өскен 62 жанармай құю стансасы мен 22 шағын мұнай өңдеу зауытының қызметіне талдау жүргізіп жатыр. Бұл нысандарға қатысты тексеру шаралары қолға алынбақ.

Кеңес қорытындысы бойынша премьер-министр Олжас Бектенов жауапты мемлекеттік органдарға мұнай өнімдерінің ішкі нарығындағы жағдайды күн сайын бақылауда ұстауды тапсырды.