Көрменің басты мақсаты – ғылым-білім-өндіріс арасында байланыс арттыру, ғылымды бизнес арқылы дамыту.
Ауқымды шараға ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әлішер Әбдіқадыров, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Мақсат Қиқымов және өзге де белгілі тұлғалар қатысты.
Көрмеде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ, Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ, С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ, М.Әуезов атындағы ОҚМУ, Алматы технологиялық университеті, М.Айтхожин атындағы Молекулярлық биология және биохимия институты, Ядролық физика институты және өзге де ЖОО мен ғылыми институт ғалымдары өз жобаларын болашақ бизнес-әріптестер назарына ұсынуға мүмкіндік алды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың биология факультетінің ғалымдары микробалдырлар негізіндегі биологиялық белсенді қоспалар жобасын ұсынды. Жоба жетекшісі, профессор Болатхан Заядан жобаның басты жаңалығы көптеген салаға қажетті қауіпсіз биопрепараттар дайындау екенін алға тартты.
Ғалымның айтуынша, фототрофты микроорганизмдер тобына кіретін микробалдырлар мен цианобактериялар – көптеген құнды биологиялық белсенді қосылыстардың көзі. Сондай-ақ аграрлық, медициналық, косметикалық және тағам өнеркәсібінде қауіпсіз биопрепараттар алуға үлкен қызығушылық тудырады.
Сонымен қатар ҚазҰУ-дың жас ғалымы Асан Әбдірахым қызметкерлердің қатты шаршауын болдырмауға арналған «GoDays» стартапы жайлы айтты. Аналитикалық құрал жасанды интеллектіге негізделген. «Жоба эмоционалдық шаршаудың алдын алуға және жұмыс жүктемесі мен кестесін қызметкердің ең тиімді жұмыс уақытына сәйкес реттеуге көмектеседі», – дейді ізденуші.
Көрмеден соң ғылым мен бизнестің табысты әріптестігі мәселелеріне арналған пленарлық отырыс өтті. Сонымен қатар жиын аясында «Қазіргі жағдайдағы ғылым мен бизнес интеграциясы» тақырыбындағы дөңгелек үстел ұйымдастырылды.