ҚазҰТУ - индустрияландыру бағдарламасына маман даярлайтын жеткеші оқу орынға айналады

Dalanews 26 ақп. 2015 22:24 804

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің ректоры Жексенбек Әділовті қабылдады.
Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметінен хабарлады.


Мемлекет басшысы оқу орнын техникалық зерттеу университетіне айналдыруға байланысты маңызды міндет тұрғанына тоқталды.


Қазақстан Президенті елді индустрияландыру бағдарламасын жүзеге асыру үдерісінде жоғары білікті инженер мамандарға сұраныс ұлғаятынын атап өтті.


«Индустрияландыру жылдары салынған 700-ден астам нысан, сондай-ақ биыл іске қосу жоспарланған 70 шақты кәсіпорын жақсы дайындалған инженерлерді қажет етеді. Сондықтан соңғы кездері республиканың жоғары оқу орындарын дамыту және трансформациялау мәселесіне айрықша көңіл бөлінуде. Сонымен қатар, қаржыландыруды ұлғайту, ғылыми-зерттеу институттарын университеттердің қарамағына беру ісі студенттерге оқу барысында ғылыммен айналысуға жағдай жасауға бағытталған. Өкінішке қарай, бүгінде түлектердің көпшілігі, тіпті ғылыми дәреже алғандары да ғылымға талпынбайды», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.


Ж.Әділов Алматыда ресурс үнемдеу саласындағы инновациялық кластер құру барысы туралы айтты. Сондай-ақ техника мен технология, геология және тау-кен металлургия салалардағы инновациялық жобалар туралы баяндады.


Кездесу қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы инженерлік білім беруді дамыту саласына қатысты бірқатар міндеттер қойды.


Дереккөзі: inform.kz


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар