ҚазҰПУ-де вакцинация алған студенттер арасында ұтыс ойыны ұйымдастырылды

Dalanews 29 шіл. 2021 07:01 1013

Абай атындағы ҚазҰПУ-да 2021 жылдың 1 шілдесінен 25 тамызына дейін COVID-19 вакцинасының бірінші компонентін алған студенттер арасында ұтыс ойындары жариялады. 

Ұтыс ойындарында келесі жүлделер ойнатылды:

- 100 білім алушыға 1 жылдық оқу ақысына 5% жеңілдік;

- 50 білім алушы 20 000 теңге ақшалай сыйақы;

- 50 білім алушыға Қапшағай жағажайындағы «Ұстаз» демалыс орына жолдама;

- 60 білім алушыға «I teach in English» ағылшын тілінің дайындық курсына тегін сертификат;

- 20 білім алушыға «Meloman» дүкенінен кітап сатып алу үшін 10 000 теңге ақшалай сыйақы;

- 100 білім алушыға «Abai University» имидждік өнімдері.

2021 жылдың 16 шілде күні вакцинаның бірінші компонентін 1-15 шілде аралығында алған білім алушылар арасында ұтыстың үш ойын түрінен жеңімпаздарды анықтау шарасы өткізілді. Ұтыс ойынының тиімді және әділ жүргізілуін қамтамасыз ету мақсатында ойын Ережесі бекітіліп, арнайы комиссия құрылды. Жеңімпаздарды анықтау университет ректоры Дархан Біләловтың төрағалығымен құрылған комиссия мүшелерінің қатысуымен өтті.

Жеңімпаздарды анықтау ZOOM платформасында кездейсоқ сандар генераторы әдісі арқылы жүргізіліп, нәтижесінде 50 студент Қапшағайдағы демалыс орнына жолдама, 60 студент ағылшын курсына тегін сертификат және 100 студент бір жылдық оқу ақысына 5% жеңілдікке ие болды.

COVID-19-ға қарсы вакцинаның бірінші компонентін салдырып, ұтыс ойындарының жеңімпаздары атанған студенттер 2021 жылдың 22-24 шілде аралығында Қапшағай жағажайындағы «Ұстаз» демалыс орнына үш күндік демалысқа барып қайтты. Демалыс орнына барған студенттер төрт мезгіл тамақтанып, суға шомылып, демалыстарын барынша қызықты өткізуге тырысты. Үш күнге созылған жағажайдағы демалыс, студенттерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Жеңімпаз студенттерге университет ректорының арнайы сертификаттары табысталды. Демалысқа мүмкіндік алған студенттер ректор Дархан Біләловқа және университет әкімшілігіне ризашылығын білдірді.

Университет білім алушылары арасында вакцина ектіруді тиімді ұйымдастыру және оларды вакцина алуға ынталандыру мақсатындағы игі шара өз жалғасын табады.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар