ҚазТаг агенттігінің бас редакторы ұсталды

Қаракөз Амантай 23 жел. 2025 21:45

Астанада KazTAG ақпарат агенттігінің бас редакторы Әмір Қасенов ұсталды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Агенттіктің бас директоры Әсет Матаевтың мәлімдеуінше, Әмір Қасенов 19:00-де Астананың Есіл аудандық полиция басқармасына тергеу әрекеттеріне шақырылған. Кейін оның адвокаттары бас редактордың ұсталғанын растаған.

"Мен мұны құқық қорғау органдары тарапынан, сондай-ақ Турлов пен Freedom Finance өкілдері тарапынан жасалған заңсыз қысым деп санаймын. Егер Қазақстанда әділдік болса, Әмірге тағылған барлық айып алынып, ол бостандыққа шығуы тиіс", - деді Әсет Матаев Telegram-арнасында.

Қылмыстық кодекстің 274-бабының 3-бөлігі бойынша қозғалған іс орташа ауырлықтағы қылмыс санатына жатады. Аталған бап бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын көздейді. Адвокат Рена Керимова Қасеновке тағылған айыпты тым қатаң шара деп бағалады.

"Бұл - құқық қорғау органдарына жасалған психологиялық қысым мен заңсыз тергеу әдістері туралы мәлімдемелерге берілген жауап секілді әсер қалдырады. Тергеу соты бұл іске тиісті құқықтық баға беріп, қамауға алуға санкция бермейді деп үміттенемін", - деді адвокат.

Айта кетейік, қысқа уақыт ішінде екі ірі ақпарат құралы – ҚазТАГ халықаралық ақпарат агенттігі мен Orda.kz – Қылмыстық кодекстің 274-бабы "көрінеу жалған ақпарат тарату" бойынша қозғалған істердің фигуранттары болды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар