Білім ордасы 1963 жылы салынған мектеп 103 орынға арналған. Алайда мектепке 300-ден астам бала барады. Осылайша шағын мектепте балалар екі ауысыммен оқуға мәжбүр.
Бір қабатты ғимаратта акт залы, жабдықталған физика және информатика кабинеттері жоқ. Оқушылар отыз орынды буфеттен тамақтанып жүр. Асхана нормаларға сай емес. Сондықтан мұнда дайын тағамдар әкелінеді.
Ал ауданда тұратын 600-ге жуық бала шалғай мектептерге барып білім алуға мәжбүр.
Бұл мәселенің жалғыз шешімі – жаңа ғимарат салу. Ол үшін қажетті қолдауды «Қазцинк» компаниясы көрсетеді.
Кен-металлургия кәсіпорнының негізгі активтерінің бірі – облыс орталығына жақын орналасқан «Алтынтау Көкшетау» алтын өндіру бөлімшесі.
Көкшетау қаласының әкімдігі мен компания басшылығы білім беру объектісін салу аясында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
– Біз өндірістік алаңшаларымыз орналасқан әрбір елді мекеннің өміріне атсалысуға тырысамыз, – дейді «Қазцинк» ЖШС-ның бас директоры Александр Хмелев. – Білім саласы біздің әлеуметтік жұмысымыздың басым бағыттарының бірі болып табылады. Бұл меморандум – маңызды мәселелерді шешу және аса қажетті жобаларды жүзеге асыру үшін мемлекеттік органдармен табысты ынтымақтастықтығымыздың тағы бір көрсеткіші. Жаңа мектептің салынуы балалардың білім алу мүмкіндіктерін кеңейту жолындағы серпінді қадам болатынына сенімдімін.
Мектептің ескі ғимаратын бұзу жоспарлануда. Оның орнына ауданда тұратын барлық балалар сыятын заманауи әрі кең ғимарат салынады. Ғимаратта асхана, медициналық кабинет, акт залы, түрлі пәндік кабинеттер және басқа да қажетті жайлар болады.
Ескі мектепті бұзу шығынын әкімдік, ал жаңа мектепті салу шығынын «Қазцинк» компаниясы көтеріп отыр.