Qaznews24 паблигінің авторы Темірлан Еңсебектің соты тағы кейінге қалдырылды

Көркем Алдабергенова 21 ақп. 2025 09:18 518

Сатиралық Qaznews24 паблигінің авторы Темірлан Еңсебектің ісі бойынша сот процесі тағы да кейінге қалдырылды, деп хабарлайды Dalanews.kz

Кезекті сот отырысы бүгін, 21 ақпанда сағат 10.00-де өтуі тиіс болатын. Алайда, адвокат Жанара Балғабаеваның айтуынша, төрағалық етуші судьяның «отбасылық-жеке жағдайларына» байланысты сот процесі белгісіз мерзімге ауыстырылды.

Қазіргі уақытта тыңдаудың жаңа күні мен уақыты белгіленген жоқ.

Айта кетейік, бұған дейін Human Rights Watch (HRW) Қазақстан үкіметінен Темірлан Еңсебекке қатысты айыптарды алып, оны түрмеден босатуды талап еткен болатын.

Құқық қорғаушылар бұл қылмыстық қудалауды шектен тыс деп санайды. Олардың айтуынша, блогердің жариялаған жазбаларында зорлық-зомбылыққа немесе кемсітушілікке шақыру болмаған. Ал, Қылмыстық кодекстің 174-бабын («араздықты қоздыру») сөз бостандығын шектеу үшін пайдаланып отыр. Human Rights Watch бұл Еңсебектің бірінші рет қудалануы еместігін еске салды: 2021 жылы оған жалған ақпарат таратты деген айып тағылып, кейін іс жабылған болатын.

"Қарапайым тілмен айтқанда, бұл жерде ешқандай қылмыс жоқ, тек билік тарапынан қылмыстық құқықты асыра пайдалану бар. Қазақстан үкіметі Еңсебекке қатысты негізсіз және шектен тыс қылмыстық "арандатушылық" айыпты тез арада жоюы және оны сотқа дейін қамаудан босатуы қажет", – деді Human Rights Watch ұйымының Орталық Азия бойынша аға зерттеушісі Мира Риттманн.

Human Rights Watch Қазақстан үкіметін сөз бостандығын қорғауға және блогерге қарсы қылмыстық қудалауды тоқтатуға шақырды.

Еске салайық, QazNews24 сатиралық паблигінің авторы Темірлан Еңсебекті полиция 17 қаңтарда үйіне тінту жүргізгеннен кейін ұстап әкеткен. 18 қаңтарда Еңсебек екі айға қамауға алынды. Оған "ұлтаралық алауыздық қоздырды" деген айып тағылып отыр. Полиция қылмыстық істің себебі – ұлтаралық араздықты қоздыру және этностардың бірінің өкілдерін қорлау белгілері бар материалды жариялау болған.

Белгілі заңгер Жанар Балғабаеваның айтуынша, Темірлан Еңсебектің қамалуына "Йоу, орыстар" деген ән түрткі болған. Еңсебек бұл әнді ресейлік тележүргізуші Тина Канделаки туралы постына қосқан. Әнде балағат сөздер бар.

Ол 174-бап "Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық немесе діни  алауыздықты қоздыру" бойынша айыпталып отыр. Темірлан Еңсебек 2 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар