Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңес төрағасы Нұралы Әбішов Қазығұрт және Төлеби аудандарының кәсіпкерлерімен кездесті. Басқосуға ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Арынбаев, Өңірлік кеңес мүшелері, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев және жеке кәсіпкерлер қатысты, – деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қос аудандағы кәсіпкерлердің өзекті мәселесі талқыланған көшпелі кеңес отырысында облыстық кәсіпкерлер палатасы Төлеби аудандық филиалының директоры Маржан Мусаева және Қазығұрт аудандық филиалының директоры Сержан Мамытбеков атқарылған жұмыс барысы туралы баяндама жасады. Шараның негізгі бөлігінде сұрақ-жауап кезеңіне кезек беріліп, кәсіпкерлердің көкейіндегі сұрақтарға сала мамандары жауап берді.
– Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев отандық бизнес өкілдерімен кездесуінде мемлекет тарапынан кәсіпкерлік саланы дамытуға баса мән беріліп отырғандығын атап өтті. Кәсіпкерлік – еліміздің экономикасын дамытудың негізгі бағыттарының бірі.
Сондықтан өңір аумағында да кәсіпкерлерді қолдау шаралары өз деңгейінде жүргіледі. Облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының жұмысы көңіл қуантарлық, дегенмен жұмысты тағы ширата түсу керек.
Яғни, кәсіпкерлерге бизнесін жандадыру мәселесінде бағыт-бағдар беру мен құқығын қорғау аясындағы жұмыстар жалғасын таба бермек, – деді Нұралы Әлмаханұлы.
Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаиловтың айтуынша, ауданда 12058 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Бизнес өкілдеріне жағдай жасау бойынша жоспарлы жұмыстар атқарылуда.
Атап айтқанда жыл басынан бері өңірге 1 млрд 550 млн теңге инвестиция тартылған. Ал Төлеби ауданындағы алқалы жиыннан соң өңірлік кеңес төрағасы бастаған топ «ФудМастер-Шымкент» ЖШС жұмысымен танысты. Көксәйек ауылдық округінде орналасқан кәсіпорын тәулігіне 70-80 тонна сүтті қайта өндеп, 60 тонна дайын өнім шығарады. Өндіріс орнында сүт, айран, қаймақ, биоайран, йогурт БиоС имун+ өнімдері өндіріледі.