ҚазАтом мен РосАтом арасында стратегиялық бәсеке өршуде - сарапшы

Көркем Алдабергеновп 01 қаз. 2024 16:58 1927

Уран кен орындарын игеру мәселесінде «Қазатомөнеркәсіп» пен «Росатом» арасында келіспеушілік туындады, - деп жазады Dalanews.kz.

Қазақстанда жаңа уран кен орындарын игеру бірқатар қиындықтармен бетпе-бет келді.

Мұның басты себептері тек күкірт қышқылының жетіспеушілігімен ғана емес, сонымен қатар «Қазатомөнеркәсіп» пен ресейлік «Росатом» компанияларының бұрғылау мердігерін таңдау төңірегіндегі даумен де байланысты.

«Қостанай минералдары» АҚ техникалық директоры Айболсын Смағұлов, сала маманы ретінде, бұл келіспеушіліктің екі жаққа да кері әсері болуы ықтимал екенін айтады.

Оның пікірінше, «Қазатомөнеркәсіп» өзінің еншілес компаниясы «Волковгеология» АҚ мүдделерін қорғап отыр, ал «Росатом» нарықта аса танымал емес Joint Drilling ЖШС-ін алға тартып, бұрғылау жұмыстарын соларға беру жағын қолдайды.

«Егер бірлескен кәсіпорын жоспарланған өндіріс көлеміне қол жеткізе алмаса, жағдай ушығуы ғажап емес», - деп атап өтті Смағұлов.

Сондай-ақ ол, бұл қадамның «Росатомға» деген сенімсіздікті арттырып, серіктестер арасындағы сенім мен сыйластыққа сына деген қағады деген пайымда.

"Жағдай бұдан әрі ушығып кетсе, еліміздің Энергетика министрлігі өндіріс көлемін шектеу немесе келісімшартты бұзу мәселесін қарастыруға мәжбүр болуы мүмкін",- дейді ол.

2022 жылдың соңында «Росатом» Түркістан облысындағы «Буденовское» бірлескен кәсіпорнындағы 49% үлесті сатып алды. Бұл кен орны әлемдегі ең ірі уран кен орындарының бірі саналады. Бұл үлесті сатқандар – ресейлік миллиардер, Қазақстанда туылған Василий Анисимов және қазақстандық миллиардер Александр Клебановтың ұлы Яков болды. Алайда, Bloomberg агенттігінің мәліметіне сүйенсек, осынау мәміле «Самұрық-Қазына» қорының бастамасымен жасалып, «Қазатомөнеркәсіп» басшылығының келісімінсіз жүзеге асқан.

«Росатом» — Ресей үкіметінің бақылауындағы мемлекеттік корпорация. Оның Қазақстандағы үлесі тек экономикалық емес, саяси ықпалдың артуына әкелуі мүмкін. Ресейдің энергетикалық ресурстарды бақылау арқылы аймақтық саяси жағдайға ықпал ету тәжірибесі бар (мысалы, Еуропадағы газ дағдарысы). Бұл жағдай Қазақстанның сыртқы саясатына Ресейдің қысым жасау тетігіне айналуы мүмкін дейді өз кезегінде сарапшылар. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар