«Қазақтың жетістігі – біздің де жетістігіміз»

Dalanews 03 там. 2017 11:02 1152

Бауырлас ел қырғыздың жас саясаткері, «Шындық» ақпараттық порталының директоры, Қырғызстандағы саяси ахуалдарға белсене араласып жүрген қоғам белсендісі Тұрсынбек Бейшенбеков Алматы мен Астанаға сапарлап келіп, ЭКСПО қалашығын тамашалап қайтты. Елорда төрінде өтіп жатқан әлемдік көрменің өту барысын тамашалап қайтқан журналистпен Алматыда арнайы жолығудың сәті түскен болатын. Ол көрші елдер арасындағы қарым-қатынастың тек қана экономикалық тұрғыдан қарастырылмай, рухани байланысты нығайтуды құптайтынын жеткізді. 

– Тұрсынбек Бейшенбекұлы, Астана ұнады ма?

– Әрине, ұнады. Астана жаңалығымен, биік ғимараттарымен, көз тартарлық архитектурасымен маған айрықша әсер етті. Сондай-ақ, бұл қалада адам өзін еркін сезінеді екен. Мұның негізгі себебі географиялық орналасуынан болса керек. Айналасы жазық дала. Сол даланы көкорай белдеуге айналдырыпты.  Астананың жасыл белдеуінің зор аумақты қамтитынын естіп, риза болдым.

Ал қаланың өзінің сәулеті бөлек. Маған Әзірет Сұлтан мешіті, "Хан шатыр", "Бәйтерек" секілді Астананың мақтанышына лайық ғимараттар қатты ұнады. Орталық Азияда осындай жаңа қаланың бой көтеруі бәріміз үшін мақтаныш . Бұрын біз Бішкек пен Алматыны бауырлас екі елдің алып шаһарлары ретінде қатарластыра атайтынбыз. Енді оның қатарына Астана қосылды. Астана бұдан да үлкен қалаға айналары даусыз. Қазірдің өзінде миллионнан артық тұрғыны бар екен.

– Алматыны да көрдің ғой. Бұл қала несімен өзіне баурады?

– Алматыны толықтай араламасам да, достарым біраз жерін шарлатты. Көктөбеге шығып, түнгі Алматыны төбесінен бақыладық. Алматы – тарихымен, бай мәдениетімен, өзіндік аңыз-әпсанасымен өзгеше. Алматы Алатаудың бір бауырын басып, миллиондаған халықты құшағына сыйдырып, үнсіз ой кешіп жатқандай бір бөлек сезім болды. Көктөбеден қарап тұрып, осыншама үлкен қаланың момақан кейпіне таңдандым. Аурайы да тамылжып тұр еді. Метроға отырып та үлгердім. Қаланың аумағы кеңейіп, жан санының артып бара жатқаны бірден байқалады. Бұрын әдеби шығармалар мен мақалалардан оқып, видеороликтерден көретін әсем жерлерінің біразын тамашалауға мүмкіндік туды.

Егер уақытым болса, Алматыны асықпай аралайтын едім. Алдағы уақытта Астана мен Алматыға әріптестік байланыспен жиі келетінім де күмән жоқ.

– Астанада ЭКСПО қалашығын аралап қайтқаныңды естідік. Бұл қалашықты аралаған кезде неге мән бердіңіз?

– Астанаға келіп тұрып, ЭКСПО қалашығын көрмей кетсек елден де, өзімізден де ұят еді.

Астанаға арнайы жол тартқандағы негізгі мақсатымыз да осы ЭКСПО қалашығын тамашалу болды. Шынымды айтсам, бір күн бойы 25 гектар аумақты алып жатқан қалашықты араладым. Барлық павильондарға кіру мүмкін емес. Ол үшін кемінде бір апта жатуың керек. Қазақстан мен өзіміздің елдің (Қырғызстанның) және Африка елдерінің павильондарына бардым. Қазақстан павильоны осы қалашықтың брэнді секілді екен. «Нұр әлемді» толық аралаудың, ондағы тақырыптық-мазмұндық дүниелердің түсініп, көріп шығудың өзіне әжептәуір уақыт кетеді. Шынымды айтсам, ЭКСПО арқылы Қазақстан елдің атын ғана емес, өзінің дамуын да өзгелерге үлгі етіп жатқандай.

Африка елдерінің павильондары өзінше әсем. Әр елдің тарихымен, ондағы халықтардың салт-дәстүрімен, орналасқан жерінің табиғатының ерекшеліктерімен танысуыңызға болады. Қысқа экскурсия кезінде Қырғызстанның да павильонына кіріп, ондағы ағайындарымызбен әңгімелесіп қайттық. Жалпы, ЭКСПО маған Астана қаласының дамуына құйылған инвестиция секілді көрінді. Қазақстан өз Астанасын салып жатқандықтан, осындай шараларды ұйымдастыру арқылы екі жеп биге шығып отыр. Осы қаланы көркейтуді жоаспарлаған соң, ауқымды шара арқылы қаланы дамытуға мүмкіндік алды. Оның пайдасын кейінгі ел көреді.

Қалашықты аралап жүргенде алыс облыстардан, шетелдерден келген туристердің осы көрмені қызығушылықпен аралап жүргенін байқадым. Астана қаласының тұрғындары да туристер мен қонақтарға жылы қабақ танытып, жол сұрасаң ерінбей айтып, ЭКСПО-ға келдіңіз бе деп сұрап, Қазақстан туралы жақсы ақпарат беруге ниет танытатынын сездім. Негізі, бір елдің мәдениеті – оның халқының мәдениеті ғой. Менің Қырғызстаннан келгенімді білген жұрт «өзіміздің бауырлас екенсің ғой» деп, ішке тартып жатты. Мұның өзі қуаныш сыйлайды екен адамға.

Тағы бір байқағаным, Астана жастар қаласы екен. Қайда барсаң да алдыңнан жастар көп шығады. ЭКСПО-ны аралап жүргендердің де басым бөлігі жастар. Бұл осы қаланың өсу үстінде екенін көрсетеді.

– Орталық Азия елдерінің ішінде Қырғызстанды ерекше жақын тартатын елміз десек, қателеспейтін шығармын. Қазақ ақпарат құралдары Қырғызстан жайлы үнемі жазып, ондағы әрбір іске баса назар аударып отырады. Ал Қырғызстанда ондай үрдіс бар ма?

– Мұны мен де байқадым. Қазақстандық әріптестеріміз Қырғызстанның кез келген басты оқиғаларына мән беріп, жазып отыратыны байқалады. Мен қазақ сайттарын үнемі назарда ұстап отырамын. «Бауырлас Қырғыз елі» деген тіркесті жиі пайдаланатын әріптестеріме рахмет айтамын. Шындығында, біздің Қазақстаннан үйренеріміз көп. Осыншалықты үлкен жерде отырған Қазақстанға қызыға да, қызғана да қарайтындар жетерлік. Тәуелсіздікті қорғау оңайға түспегені анық. Көп ұлтты мемлекет ретінде өзінің татулығы мен бірлігін сақтай алған әрі қандай жағдай болса да шыдамдылық танытқан қазақ халқының ерік-жігеріне ризамыз.

Біздің ақпарат құралдары да Қазақстан туралы жиі жазады. Мүмкіндігінше бауырлас елдің жаңалықтарын, жетістіктерін беруге тырысамыз. Біз біріксек, бір-бірімізді қолдасақ қана жетістіктерге жетеміз. ЭКСПО-ның өту барысын, ашылу салтанатын біздегі ақпарат құралдары да жазды. Сол ашылу салтанатына беделді саясаткерлер, президенттер, халықаралық ұйымдардың төрағалары қатысқанын көрдік. Қазақстанда өтіп жатқан халықаралық жиналыстардың көбінде әлемге танымал тұлғалар қатысады. Бұл Қазақ елінің сыртқы беделінің жоғары екенін айғақтайды.

– Астана мен Бішкек арасындағы саяси қарым-қатынасқа қандай баға берер едіңіз?

– Екі ел арасындағы байланыс артпаса, кемімейді. Біз бір тарихтың еншілестеріміз. Бұрыннан төскейде малымыз, төсекте басымыз қосылған елміз. Қазақстанды Қырғызстансыз, Қырғызстанды Қазақстансыз елестету қиын. Қырғыздар қазақтарды арқа сүйейтін ағайын деп біледі. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан мен Қырғызстанның қарым-қатынасы артпаса, кеміген жоқ.Бұл үрдіс әлі де жалғасып келеді. Қазақстан Қырғыз еліне әлеуметтік-экономикалық көмек беруін доғарған емес. Қырғызстандық жеке кәсіпкерлер мен саудагерлер осында келіп жұмыс істеп жүр. Оларды ысырып, қуып, жұмыс істеткізбей жатқан Қазақ билігі жоқ. Алматы мен Астана базарларында саудамен айналысып жүрген қырғыздар көп деп естідім. Шынымды айтсам, біз тілмашсыз түсінісетін халықпыз ғой. Дініміз, тіліміз, салт-дәстүрімізде ортақтық көп. Қазақстанды аралағанда менде ешқандай жатырқау сезімі болмады. Бұрыннан осында келіп-кетіп жүрген адамдай, еркін жүрдім.

ӘңгімелескенТ. ӨСКЕНБАЙ.


 

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар