Қазақтың дәстүрлі исламындағы әйелдің орны: дінтанушы пікірі

Ақтоты Жапатова 14 там. 2025 10:42

Дін мәселелері жөніндегі республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі, дінтанушы Елдос Имам Жұмаділда қазақ халқының дәстүрлі ислам түсінігінде әйелдің мәртебесі мен рөлі жайында ой бөлісті,- деп хабарлайды Dalanews.kz

– Қазақ дәстүрінде әйелдің орны қандай болған?

– Дәстүрлі ислам бағытында, әсіресе қазақ халқы үшін әйел адамның мәртебесі өте жоғары. Қазақ әрдайым "әйел бір қолымен бесік тербетсе, екінші қолымен әлем тербетеді" деп бағалаған. Әйелдің басындағы ақ жаулық – үлкен байлықтың, мәртебенің нышаны. Тарихта Зере ана, Домалақ ана сынды тұлғаларымыз рухани тәрбие эталонына айналды. Мәселен, Тоқтамыс ханның қызы Жанике ханым қажылық сапарында жасаған жомарттығымен тарихта қалды.

– Неге әйелдің білімді және рухани бай болуы маңызды?

– Өйткені әйел – бала тәрбиесінің, отбасының, қоғамның да негізінде тұр. Қазақта жақсы сөз бар: "Ер адамның орны түзде" деп. Ер азамат ризық-несібесін табуға аттанса, әйел сол несібені үй ішіне үйлестіріп, балалардың тыныштығы мен үйдің жайлылығын қамтамасыз етеді. Егер әйел білімді, рухани бай болса, ондай ананың баласы да елге пайдасын тигізетін, дарынды азамат болып өседі.

– Кейбіреулер әйелдің білім алуын шектеуге бейім. Бұған көзқарасыңыз қандай?

– Бұл дұрыс емес. Классикалық діни еңбектерде "Білім алуға ең лайық адам – әйел" деп жазылған. Өйткені әйел – болашақ ұрпақтың тәрбиешісі. Ислам тарихында Пайғамбарымыздың (с.а.с.) жұбайы Айша анамыздың орны ерекше. Дініміздің жарты бөлігі сол кісі арқылы бізге жетті. Көптеген ер адамдар діндегі кейбір мәселелерді түсінбей қалғанда, Айшадан сұрайтын, өйткені ол пайғамбардың өмірін, амалдарын өте жақсы білетін.

– Исламда әйелдің мәртебесі қалай айқындалады?

– Дінімізде әйелдің әрбір сатысы құрметке ие: егер ол қыз болса – әкесіне жұмақтың есігін ашады; аяулы жар болса – күйеуінің иманын кемелдендіреді; ал ана болса – оның аяғының астында жұмақ бар. Қай рөлде болса да, әйелдің абыройы биік. Тіпті, ол үйде еркелеп жүрген кішкентай қыз болса да. Әйел адамды ешқашан төмен түсірмей, жоғары қоя білуіміз керек.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар