Бұл жөнінде үкіметтің телеграм-арнасы хабарлады. Мемлекетке өтетін бұл акциялар Назарбаевтың жақын туысына тиесілі болған.
Қазақстан байланыс саласының монополисі - "Қазақтелеком" акцияларының 24 пайыздан астамы Қайрат Сатыбалды құрылтайшысы саналатын Skyline Investment Company S.A. компаниясына қараған. Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бауырының баласы Қайрат Сатыбалды қазір қамауда отыр.
Қаулыда: "Skyline Investment Company S.A. жекеменшік компаниясының "Қазақтелеком" акционерлік компаниясының 2 671 481 қарапайым акциясын сыйға тарту келісім-шарты негізінде мемлекет меншігіне қайтару туралы ұсынысы мақұлдансын. Бұл – акционерлік қоғамның жарғылық капиталының 24,95 пайызы" делінген.
Үкіметтің хабарлауынша, Alatau Capital Investment компаниясы да сыйға тарту жолымен "Қазақтелекомдағы" 413 412 акциясын мемлекет меншігіне өткізуді ұйғарған.
Акциялар мемлекет меншігіне қандай себеппен қайтарылып жатқаны туралы ештеңе айтылмайды.
Қайрат Сатыбалды "қызмет бабын асыра пайдаланды" және "Қазақтелеком" АҚ қаржысын ірі көлемде ұрлады" деген күдікпен 13 наурызда ұсталып, тұтқындалған. Жемқорлықпен күрес қызметі Сатыбалды "мемлекет қауіпсіздігіне қатер төндіретін басқа істер бойынша тергеліп жатқанын" айтты.
2021 жылғы зерттеуінде Азаттық Люксембургтегі LBR реестрі бойынша, Қайрат Сатыбалды Skyline Investment Company S.A. компаниясының жалғыз құрылтайшысы екенін анықтаған. Ашық дереккөздегі ақпаратқа қарағанда, Сатыбалды 2016 жылы өзінің Alatau Capital Invest компаниясы арқылы "Қазақтелекомның" 4 пайызға жетпейтін акциясын сатып алған.
4 сәуірде Қазақстанның жемқорлықпен күрес агенттігі экс-президенттің немере інісіне қарайтын басқа компанияларда да ақша ұрлау фактілері болған деген мәлімдеме жасады. Бірнеше күннен соң "бизнесті заңсыз тартып алды" деген күдікпен Қайрат Сатыбалдының бұрынғы әйелі Гүлмира Сатыбалды да тұтқындалды.
Өткен айдың соңында жемқорлықпен күрес қызметі Гүлмира Сатыбалды Шымкенттегі жолаушы тасымалы және автокөлік жолдары басқармасындағы шенеуніктермен және "Ария – Жаңа Астана" компаниясы басшыларымен бірлесіп, орындалмаған құрылыс-монтаж жұмыстары үшін төленген 1,5 миллион долларды жымқырды дегенді айтты.
Қаңтар оқиғасынан соң бұрынғы президенттің отбасы мүшелері мен оның маңайындағы адамдар жоғары лауазымдарынан айырылып, кейбіреуі тұтқындалды. Қамалғандар арасында Назарбаевтардың құдасы, бизнесмен Қайрат Боранбаев бар. Оның қызы Алима Назарбаевтың жиені Айсұлтанның әйелі болған (Айсұлтан 2020 жылы тамызда Лондона қайтыс болған). Боранбаевқа "квазимемлекеттік секторда аса ірі көлемде ақша ұрлады" деген айып тағылды. Бір кездері әкесінің орнын басуы мүмкін деп саналған экс-президенттің үлкен қызы Дариға Назарбаева депутат қызметін тоқтатып, наурыз айында мәжілістен кетті.