Айтпақшы, мұндай тақырыптағы дүниелерді оқудан жалыққандар болса (үйі барлар, үй алғандар) оқымай-ақ қойсыншы. Шынымен де көп жазылды оның үстіне. Тақырыбы да сәл сәтсіздеу. Дегенмен...
Байқағанымыз қазақ өз жерінде тұратын көп ұлттардан кедей. Әлдеқайда кедей...Қымбат көлік мінетіндердің көпшілігі...қазақ емес. Көзіміз бар. Көлігіміз бар. Мицубиси Галант...Жарайды, бұл жағы маңызды емес.
Иә, біздің санамыз соған жетті. Барлығын материалдық байлықпен бағалаймыз. Бірақ, амал қайсы. Орта табы жоқ, тек кедей мен байға бөлінген мемлекетте бұл заңды шығар.
Үзбейік әңгімемізді. Қазақ көп ұлттардан кедей. Неге? Ұлы ойшыл Фукуяманың бір еңбегінде былай делінген екен.
"Адамның басындағы байлық оған ата-бабасы қалдырған мұрамен өлшенеді" дейді Фукуяма. Қазақтан басқаларының барлығында мұра бар. Ол мұраның аты – үй. Қазіргі заманның байлығы.
Осы мұраға қол жеткізе алмай отырған қаншама қазақ жүр. Жоқ, қол жеткізе алмай жүр дегеніміз қисынсыз. Мұраға қол жеткізбейсің ғой. Тиесілі мұра болса қалады. Саған, ініңе, қарындасыңа...Ал бізге не қалды? Ауылдағы үй ме? Саманнан соғылған...
Қазақтан басқаларының барлығында мұра бар. Әке-шешесінің үйі. Болмаса «бабушкасының үйі» немесе «дедушкасының үйі». Олар өлгесін кімге мұраға қалатыны белгілі. Атадан балаға қалатын мұра. Осы мұра оларды асырап отыр. Осы мұраның арқасында олар жұмыс істемеуі де мүмкін. Олардың мұрасын біз жалдап тұруға мәжбүрміз. Сайып келгенде қазақ басқаларының барлығын асырап отыр.
Осы мұраға қол жеткізу үшін біз қанша тырбанамыз. Ал бір кездері осы мұра біреулерге тегін беріліпті деседі. Қаладағы қазақтың тұмсығы батпай отырған аудандардың, жоқ, аулалардың балалары бақытты. Олар барлық даму кезеңінен өтеді, байқасаңыз.
Балалық шақта доп ойнайды (иә, біз де ойнағанбыз), есейе келе «великке» ауысады, сәл есейсе скейтборд тебеді. Әйтеуір белгілі бір жастың белгілі бір жасқа жарасымды қызығын көреді.
Әкесі мен баласы бар. Бірге велосипед тебеді. Түсте, кешке кез-келген уақытта. Серуендейді. Алаңсыз. Қамсыз. Олар алаңсыз, қамсыз Қазақстанда өмір сүреді.
Мен олай ете алмаймын. Себебі, менде мұра жоқ. Жұмыссыз қалсам далада қаларымды білем...Ал мемлекетім маған қараспайды. Қазір қиын уақ өйткені.
Анасы мен қызы бар. Таңғы сағат жетілер шамасында итімен бірге серуенге шығады. Жоқ, өздері үшін емес, итін серуендету үшін. Олардың иті де серуен құрады. Олардың иті де қамсыз, алаңсыз.
Мен олай ете алмаймын. Себебі, менде мұра жоқ. Мен ол уақытта жұмысқа жиналып жатамын. Ерте тұрғанның ырысы...
Негізінде менің өмірім осы мұраға өліп-тіріліп қол жеткізу немесе оның несиесін төлеумен өтеді. Мейлі. Өтсе өтсін. Маған мұра қалмаса да мен балаларыма мұра қалдыру керекпін. Әйтпесе...
P.S. Әңгімені осы жерден аяқтауға болар еді. Әйтпесе және көп нүкте. Сөз аяғын жұтпайық, бірақ. Түсінбейтіндер бар деп жоғарыда айтқанмын. Маған мұра қалмаса да мен балаларыма мұра қалдыру керекпін. Әйтпесе менің балаларым да мен сияқты мұрасыз жүреді және біреудің мұрасын жалдап тұруға мәжбүр болады. Бірақ, сол мұраны қалай аламын? Міне, енді үйі барлар мен үй алғандардың ақылын тыңдауға әзірміз.
Жазып алған, Думан БЫҚАЙ