Қазақстандағы саяси партиялардың жарғылары мен бағдарламаларын тексеру барысында 230-дан астам қате анықталды. Сараптама нәтижесі ресми құжаттарды әзірлеу сапасына қатысты сұрақ туындатты, деп хабарлайды dalanews.kz.
Талдауға «AMANAT» партиясы, «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясы, Қазақстан халық партиясы, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы, Жалпыұлттық социал-демократиялық партия, «Respublica» партиясы және Қазақстанның жасылдар партиясы «Байтақтың» жарғылары мен бағдарламалары енгізілген.
ФБРК негізін қалаушы Кирилл Павлов Қазақстанда ресми тіркелген жеті партияның құжаттарын Claude AI жасанды интеллект жүйесі арқылы тексерген. Оның айтуынша, зерттеуге президенттің жасанды интеллектпен жұмысты күшейту жөніндегі тапсырмасы себеп болған. Нәтижесінде 14 құжаттан 230-дан астам өрескел қате табылған.
Ең көп қате «Байтақ» партиясынан анықталған – 49 қате. Сараптамаға сәйкес, партия бағдарламасында «жасыл» сөзі бірнеше жерде қате жазылған. Тіпті «Қазақстанның жасыл болашағы үшін» деген атаудың өзінде орфографиялық қате кеткені айтылды. Сонымен қатар партия жарғысы «AMANAT» партиясының құжатына өте ұқсас екені және ондағы қателердің де қайталанғаны көрсетілген.
Қазақстан халық партиясының құжаттарынан 32 қате табылған. Атап айтқанда, кей сөздердің арасында артық бос орындар кеткені, сондай-ақ мағынаны өзгертіп жіберетін логикалық сәйкессіздіктер анықталған.
«Respublica» партиясының бағдарламасында бөгде мәтіннің үзіндісі кездейсоқ қалып қойғаны айтылды. Сонымен бірге 2023 жылғы редакциядан кейін тармақ нөмірлеуі бұзылып, орыс және қазақ тіліндегі нұсқалар арасында айырмашылықтар табылған.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның бағдарламасы 2013 жылдан бері жаңартылмағаны белгілі болды. Ал 2023 жылы қайта бекітілген жарғыда бір тармақ толық қайталанған. Сонымен бірге партия атауындағы «демократиялық» сөзі бір жерде қате жазылған.
«Ауыл» партиясының құжаттарында жоқ тармақтарға сілтемелер мен бөлімдердегі нөмірлеу қателері анықталған. Ал жастарға қатысты негізгі тезистерде грамматикалық сәйкессіздіктер кездескен.
«Ақ жол» партиясының бағдарламасы тілдік тұрғыдан ең сауатты құжаттардың бірі деп бағаланғанымен, жарғысында құқықтық нормаларға қатысты дәлсіздіктер табылған.
Ал «AMANAT» партиясы ең аз қате жіберген партия ретінде аталды – 21 қате. Соған қарамастан партия атауы кей жерлерде кирилл және латын әріптерін араластырып жазылғаны анықталған.
Кирилл Павловтың пікірінше, көптеген партияларда ұқсас қателердің кездесуі құжаттарды дайындауда бірдей шаблондар қолданылғанын көрсетуі мүмкін.