Қазақстанда 2025 жылы Токиода өткен жазғы Сурдлимпиада ойындарының жүлдегерлері мен жаттықтырушыларына қомақты қаржылай сыйақы берілді. Бұл туралы Туризм және спорт министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ведомствоның мәліметінше, жалпы 32 спортшы мен 42 жаттықтырушы ақшалай марапатқа ие болған. Сыйақылар Үкіметтің резервінен бөлініп, жалпы сомасы шамамен 5,5 млрд теңгені құраған.
Сыйақы мөлшері спортшылардың жарыста алған орындарына байланысты белгіленген. Атап айтқанда, алтын медаль иегерлеріне 130 млн теңгеден, күміс жүлдегерлерге 78 млн теңгеден, ал қола медаль алғандарға 39 млн теңгеден төленген. Төртінші мен алтыншы орын аралығында нәтиже көрсеткен қатысушылар 2,5 млн-нан 15 млн теңгеге дейін сыйақы алған.
Айта кетейік, Сурдлимпиада ойындарына әлемнің 81 елінен шамамен 3 мың спортшы қатысты. Қазақстан құрамасы сегіз спорт түрі бойынша сынға түсіп, жалпы есепте 9-орынға тұрақтады. Ұлттық құраманың еншісінде 25 медаль бар: оның ішінде 8 алтын, 4 күміс және 13 қола жүлде.
Министрлік өкілдері мұндай төлемдер спортты мемлекеттік қолдаудың бір бөлігі екенін және халықаралық аренада жоғары нәтижелерге жетуге ынталандыратынын атап өтті.