Бірнеше ведомство миллиондаған бюджет ақшасына қымбат көліктер сатып алған, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қазақстандықтарға «көрпеге қарай көсілетін уақыт келді» деп айтылды. Бірақ бұл сөздің төтенше жағдайлар қызметіне қатысы жоқ секілді: ведомство 127 миллион теңгеден аса қаржыға Tesla Cybertruck сатып алған.
Одан бөлек, Алматы әкімдігі автопаркке 700 миллион теңгеге жуық сомаға жаңа көліктер сатып алған (оның ішінде жеті жол талғамайтын көлік бар).
Ал Астана полициясы жалпы құны 176 миллион теңге болатын үш люкс автокөлік сатып алуды жоспарлап отыр. Бұл көліктер Cadillac Escalade немесе Chevrolet Tahoe деңгейіндегі машиналар болуы мүмкін.
Президент не деп еді?
Еске салайық, былтыр 28 қаңтарда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өткен болатын. Отырыста президент орынсыз шығындарды азайту керегін айтты.
«Мен реформалардың нақты бағыты мен оны жүзеге асыру жолдары туралы осыған дейін де айттым. Үкімет ел экономикасын тұралап қалудан сақтап, орнықты дамуды қамтамасыз ету үшін күрделі шешімдер қабылдауы керек және ең бастысы сол шешімдерді іске асыруға тиіс. Бұл – жоғары білікті әрі жауапкершілік алуға дайын мемлекеттік қызметшілердің қолынан келетін жұмыс. Әлемдік тәжірибеге қарасақ, мемлекеттік аппараттың тиімділігі осындай күрделі кезеңдерде айқын көрінеді.
Үкімет қаншалықты қиын болса да, жаппай үнемдеуге көшіп, бюджет қаржысын тек қана аса өзекті мәселелерді шешуге жұмсауы керек. Көрпеге қарай көсілетін уақыт келді. Орынсыз шығынды тоқтатып, аяғымызды тартып басу қажет», - деді Тоқаев.
