Қыркүйектің ортасынан бері Ресей мен Қазақстан шекарасындағы “Маштаково” өткізу бекетінде 2-3 мыңға жуық жүк көлігі қаңтарылып тұр. Қытайдан келген тауарларды тиеген фуралар апта бойы қозғала алмай, ұзын-сонар кезек тудырған, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Kommersant ұсынған ақпаратқа сүйенсек, бұған батыс санкцияларына іліккен тауарларға қатаң тексерістің күшеюі себеп болған. Электроника, дрондар мен белгілі брендтердің киімдері түгел қосымша бақылаудан өтеді.
“Қазір шекарада контрабандаға қарсы шаралар әлдеқайда күшейді. Бұл – санкцияға ілінген және қосарлы мақсаттағы тауарлардың тасымалына жол бермеу үшін жасалып отыр. Ал қазақстандық тарап мұндай ұзын кезектің басты себебін ресейлік кеденшілердің “сұр” импортқа қарсы қатаң шараларымен байланыстырады”, – дейді СЛК компаниясының логистика бөлімінің жетекшісі Максим Емелин.
Жүк тасымалына қосымша қиындық тудырып отырған тағы бір фактор – Қытайдағы “алтын апта” мерекесі. 1-8 қазан аралығында Қазақстанмен арадағы барлық автожол бекеттері жабылды. Бұл күндері тек “Достық”пен “Алтынкөл” теміржол өткелдері жұмыс істеп тұр. Соның салдарынан жеткізілімдер тіпті баяулап кетті.
Қазақстан да кейінгі айларда “сұр” импортқа қарсы бақылауды күшейткен. Шекарадан өткен жүк көліктері тек бекетте емес, ел ішіндегі жолдарда да тексеріледі. Қалыпты тауарлар 3-5 күнде кеденнен өтсе, күмәнді жүктер бірнеше апта бойы кідіреді. Шекара бекеттері мен жол бойы қазір қаңтарылған фураларға толы.
“Мұндай проблемалар бұрыннан бар еді, бірақ қазір ушығып тұр. Кедендік одақ аясындағы интеграция шын мәнінде қағаз жүзінде ғана. Мәселен, келісім бойынша тасымалдаушылар бір-бірінің инфрақұрылымын белгілі бір аралыққа дейін пайдалана алады. Бірақ Қазақстанда ол аралық бар болғаны 2 шақырым”, – дейді логист Томлин.
Кептелістің тағы бір себебі ретінде қараша айынан бастап енгізілетін утилизациялық алымның қымбаттауы, Польша мен Беларусь арасындағы шекараның жабылуы және Қытай жүк көліктеріне берілетін рұқсатнамалардың жетіспеушілігі аталады. Теміржолда да жағдай мәз емес. “Қазақстан темір жолы” артық жүктемеге байланысты әзірге өзге елдердің вагондарын қабылдамай отыр.