Қазақстанның мемлекеттік қарызы жыл басынан бері 2,1 трлн теңгеге өсті

Қазақстанның мемлекеттік қарызы жыл басынан бері 2,1 трлн теңгеге өсті
pixabay.com

Қазақстанның мемлекеттік қарызы 2026 жылдың басынан бері 2,1 трлн теңгеге ұлғайып, 38,5 трлн теңгеге жетті, деп хабарлайды Dalanews.

Қаржы министрлігінің LS басылымына ұсынған мәліметіне сәйкес, қазіргі уақытта мемлекеттік қарыз көлемі 38,5 трлн теңгені құрайды. Жыл басында бұл көрсеткіш 36,4 трлн теңге болған. Осылайша, мемлекеттік қарыз 5,7%-ға өскен. Бұл есепке жергілікті атқарушы органдардың үкімет алдындағы өзара міндеттемелері енгізілмеген.

Сонымен қатар Үкіметтің қарызы да артқан. Егер 2026 жылдың 1 қаңтарында ол 34,84 трлн теңгені құраса, 1 шілдедегі жағдай бойынша 36,82 трлн теңгеге жеткен.

Мемлекеттік қарыздың негізгі өсімі ішкі қарыз есебінен қамтамасыз етілді. Жыл басында ішкі қарыз көлемі 26,14 трлн теңге болса, 1 шілдеде 28,47 трлн теңгеге дейін ұлғайып, 8,9%-ға өскен.

Ал сыртқы мемлекеттік қарыз, керісінше, 3,9%-ға азайып, 8,35 трлн теңгені құрады. Сыртқы міндеттемелердің басым бөлігін еурооблигациялар құрайды. Олардың көлемі жыл басындағы 5,01 трлн теңгеден 4,81 трлн теңгеге дейін қысқарған.

Қаржы министрлігінің мәліметінше, мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген қарыздың, сондай-ақ мемлекет кепілгерлігі бойынша міндеттемелердің жиынтық көлемі 40,9 трлн теңгеге жеткен.

Ведомство бұған дейін Қазақстанның мемлекеттік қарызы басқарылатын деңгейде екенін және оның ел экономикасына теріс әсері байқалмайтынын мәлімдеген.