Қазақстанның мемлекеттік наградалар жүйесіне екі жаңа марапат қосылмақ

Қазақстанның мемлекеттік наградалар жүйесіне екі жаңа марапат қосылмақ
Akorda.kz

Қазақстанда музыка және бейнелеу өнері саласына елеулі үлес қосқан азаматтарды мемлекеттік деңгейде марапаттауға мүмкіндік беретін екі жаңа ерекшелік белгісін енгізу ұсынылды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Бұл туралы Құрылтай отырысында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын таныстырған депутат Л.Ә. Жылқыбаева мәлімдеді.

Заң жобасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Құрылтайдың бірінші сессиясының ашылуында берген тапсырмасын орындауға бағытталған.

Президент бұған дейін «Шәмші Қалдаяқов» медалін және «Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі» құрметті атағын енгізуді тапсырған болатын. Жаңа марапаттар ұлттық мәдениет пен өнерді дамытуға үлес қосқан азаматтарды ынталандыруға бағытталмақ.

Заң жобасына сәйкес, «Шәмші Қалдаяқов» медалі отандық музыка өнері мен ән шығармашылығын дамытуға елеулі үлес қосқан, жемісті қызмет атқарып, ерекше еңбек сіңірген азаматтарға беріледі.

Ал «Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі» құрметті атағын бейнелеу өнері саласында жоғары кәсіби шеберлік танытып, үздік туындыларымен отандық көркем мәдениетті дамытуға үлес қосқан қайраткерлерге беру ұсынылып отыр.

Депутаттың айтуынша, жаңа марапаттар мемлекеттік наградалар жүйесінде еңбек адамының мәртебесін көтеру және қоғамға пайдалы еңбекті бағалау саясатының жалғасы болмақ.

Бұған дейін мемлекеттік наградалар жүйесіне «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағы енгізілген. Ал 2024 жылдан бастап «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» атағы беріле бастады.

Жылқыбаева мемлекеттік марапаттар еңбекқор, жауапты әрі жасампаз азаматтардың еңбегін қоғамға үлгі етуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Заң жобасының негізгі мақсаты – отандық мәдениет пен өнердің дамуына елеулі үлес қосқан азаматтардың еңбегін мемлекеттік деңгейде мойындау және оларды ынталандыру.

Депутат жаңа марапаттарды енгізу ұлттық мәдениет пен өнерді қолдауға бағытталған мемлекеттік саясаттың заңнамалық жалғасы екенін айтып, әріптестерін заң жобасын қолдауға шақырды.