S&P халықаралық рейтинг агенттігі Қазақстанның тәуелсіз кредиттік рейтингін BBB− деңгейінен BBB-ге дейін көтерді. Бұл - 2016 жылдан бері ел рейтингінің алғаш рет жоғарылауы.
Тәуелсіз кредиттік рейтинг мемлекеттің қарыздарын уақытында өтеп, қаржылық міндеттемелерін орындау мүмкіндігін бағалайды. Сондықтан рейтингтің көтерілуі Қазақстанның қаржылық сенімділігі артқанын көрсетіп, халықаралық инвесторлар үшін оң белгі саналады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Сонымен қатар S&P қазақстандық банктер мен ірі компаниялар үшін маңызды тағы бір көрсеткішті жоғарылатты. Атап айтқанда, Қазақстанның валютаны айырбастау және шетелге аудару мүмкіндігін бағалайтын Transfer & Convertibility (T&C) көрсеткіші BBB деңгейінен BBB+ деңгейіне көтерілді.
Бұл көрсеткіш елде қиын экономикалық жағдай туындаған кезде компаниялардың шетел валютасын сатып алып, сыртқы қарыздарын өтеу үшін қаражатты шетелге еркін аудара алу мүмкіндігін бағалайды.
Qazaq Expert Club сарапшысы, қаржыгер Венера Жаналина аталған өзгерістің қазақстандық ірі бизнеске қалай әсер етуі мүмкін екенін түсіндірді.
"T&C елде күрделі экономикалық жағдай туындаған кезде мемлекеттің валюталық шектеулер енгізу ықтималдығын бағалайды. Мұндай шектеулер жеке компаниялардың шетел валютасын сатып алуына немесе сыртқы қарызын өтеу үшін қаражатты шетелге аударуына кедергі келтіруі мүмкін. Сондықтан бұл көрсеткіш халықаралық нарықтан шетел валютасымен қарыз алатын банктер мен ірі компаниялар үшін өте маңызды", - деді сарапшы.
Қазір Қазақстанның T&C көрсеткіші – BBB+, ал елдің тәуелсіз рейтингі – BBB. Яғни T&C ел рейтингінен бір саты жоғары тұр.
Бұл S&P агенттігінің Қазақстанда жеке компаниялардың сыртқы қарыздарын өтеуіне кедергі келтіретін валюталық шектеулер енгізілу қаупін мемлекеттің шетел валютасындағы қарыздары бойынша дефолтқа ұшырау қаупінен төмен бағалайтынын көрсетеді.
Дегенмен мұндай айырмашылық бұрыннан бар. Осыған дейін Қазақстанның тәуелсіз рейтингі BBB−, ал T&C көрсеткіші BBB болған. Соңғы шешімнен кейін екі көрсеткіш те бір сатыға көтеріліп, тиісінше BBB және BBB+ деңгейіне жетті.
"Бұл бизнес үшін мүлде жаңа артықшылық пайда болды деген сөз емес. Тәуелсіз рейтингпен бірге кредиттік қабілеті жоғары компаниялардың шетел валютасындағы рейтингін шектеуі мүмкін елдік көрсеткіштердің бірі де бір сатыға көтерілді", - деді Венера Жаналина.
Бұл өзгеріс, ең алдымен, қаржылық жағдайы тұрақты және кредит төлеу қабілеті жоғары компанияларға тиімді болуы мүмкін. Егер компанияның өз көрсеткіштері BBB+ немесе одан да жоғары рейтинг алуға мүмкіндік берсе, T&C бағасының көтерілуі оның шетел валютасындағы корпоративтік рейтингінің жоғарылауына жол ашады.
"Корпоративтік рейтингтің көтерілуі компанияға халықаралық инвесторлардың кең ауқымынан қаржы тартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар қарызды ұзақ мерзімге әрі тәуекел үшін төленетін үстемеақысы төмен шарттармен алуға ықпал етуі мүмкін", - деп түсіндірді қаржыгер.
Мұндай өзгерістің ықпалы ірі көлемде қарыз алатын компаниялар үшін айқын байқалады. Мысалы, компания 500 млн доллардың еурооблигациясын шығарды делік. Егер инвесторлар талап ететін кірістілік небәрі 0,25 пайыздық тармаққа төмендесе, компания жылына шамамен 1,25 млн доллар үнемдейді. Ал кірістілік 0,5 пайыздық тармаққа азайса, үнем көлемі жылына 2,5 млн долларға жетеді.
Алайда бұл есеп T&C көрсеткіші көтерілгеннен кейін қарыз міндетті түрде дәл осындай көлемде арзандайды деген болжам емес. Ол ірі қарыздар бойынша пайыздық мөлшерлеменің аз ғана төмендеуінің өзі компанияға қаншалықты қомақты қаражат үнемдеуге мүмкіндік беретінін көрсетеді.
Венера Жаналинаның айтуынша, қарыздың нақты құны компанияның қаржылық жағдайына, қарыз мерзімі мен талаптарына, әлемдік нарықтағы ахуалға, базалық пайыздық мөлшерлемелерге және инвесторлардың сұранысына байланысты болады.
Сондықтан T&C көрсеткішінің көтерілуі барлық компанияға бірдей тиімді емес.
Егер компанияның жеке кредиттік көрсеткіштері BBB+ деңгейінен әлдеқайда төмен болса, елдік көрсеткіштің жоғарылауы оның жағдайын айтарлықтай өзгертпейді. Компанияның мүмкіндігі бұрынғыдай қарыз көлеміне, табысы мен ақша ағынына, қолда бар қаражатына және қызметіне байланысты тәуекелдерге қарай бағаланады.
"T&C көрсеткішінің жоғарылауы компанияның өзін қаржылық жағынан күшейтпейді. Ол тек қаржылық жағдайы жоғары рейтинг алуға мүмкіндік беретін сенімді компаниялар үшін елге байланысты шектеулердің бірін азайтады", - деді сарапшы.
Осы себепті қазақстандық компаниялардың рейтингтері бірден жаппай көтеріледі немесе олардың сыртқы қарыздары автоматты түрде арзандайды деп күтуге болмайды.
Сонымен қатар T&C көрсеткіші тек шетел валютасындағы қарыздарды өтеуге қатысты тәуекелдерді бағалайды. Оның көтерілуі Қазақстандағы теңгемен берілетін несиелердің пайыздық мөлшерлемесі төмендейді деген сөз емес. Бұл шешімге қарап теңгенің алдағы бағамы туралы да қорытынды жасауға болмайды.