Қазақстан Орталық Азиядағы көлік-логистика жүйесінде жетекші орындардың бірін иеленеді. Ел аумағы арқылы 13 халықаралық көлік дәлізі өтеді. Геосаяси өзгерістер аясында жаһандық логистикалық тізбектердің қайта қалыптасуы Қазақстанның халықаралық көлік бағыттарындағы рөлін едәуір күшейтті, деп хабарлайды dalanews.kz.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның стратегиялық мақсаты – Қытайды Орталық Азия, Кавказ, Таяу Шығыс және Еуропамен байланыстыратын негізгі көлік-логистикалық хабқа айналу екенін бірнеше рет атап өткен. Бүгінде бұл сала еліміздегі ең қарқынды дамып келе жатқан бағыттардың бірі саналады.
Кейінгі бес жылда саланың жалпы өнім көлемі үш есеге жуық өсті: 2021 жылғы шамамен 4,7 трлн теңгеден биыл жоспарланған 14,3 трлн теңгеге дейін жетпек. Сонымен қатар республика порттары арқылы контейнерлік транзит көлемі төрт есеге жуық артты. Соңғы үш жылдың өзінде порттардың өткізу қабілеті жылына шамамен 200 мың ЖФЭ-ге (жиырма футтық эквивалент) дейін жеткізілді.
Транскаспий халықаралық көлік бағыты (ТХКБ) аясындағы еліміздің позициясын күшейтетін жаңа жобалардың іске асырылу барысын Премьер-министр Олжас Бектенов Маңғыстау облысына жұмыс сапары кезінде тексерді.
Каспий теңізі жағалауында жылына 8 жаңа кеме жасап, 24 кемеге жөндеу жүргізуге қауқарлы заманауи кеме жасау верфін салу жоспарланып отыр. Толық циклмен жұмыс істейтін кәсіпорында экипажсыз суүсті аппараттары да өндірілмек. Жобаға кемінде 125 млрд теңге инвестиция салынады.
Ақтау әуежайы базасында мультимодальды логистикалық және авиациялық хаб салынады. Онда жүк авиациясына қызмет көрсету, әуе кемелерін жөндеу және техникалық қызмет көрсету жұмыстары қатар жүргізіледі. Жобаның қуаты жылына 200-ден астам техникалық қызмет көрсету операциясын және 60-қа дейін әуе кемесін сырлау жұмысын орындауға мүмкіндік береді.
Құрық портында көпфункционалды терминалдың алғашқы кезеңін салуға дайындық жүріп жатыр. Жоба Президенттің Қытайға жұмыс сапары барысында қол жеткізілген келісімдер аясында жүзеге асырылады. Оған Guoyou Materials Group компаниясы 470 млрд теңге инвестиция құяды. Құрылыстың бірінші кезеңі 2026–2028 жылдарға, екінші кезеңі 2029–2031 жылдарға жоспарланған. Нысанды 2032 жылы пайдалануға беру көзделіп отыр.
Премьер-министр жобаларды сапалы әрі уақытында іске асыруды тапсырды. Оның айтуынша, құрылыс мерзімін сақтау, инвестиция тарту, тұрақты жұмыс орындарын ашу, өндірісті жергіліктендіру және өңір экономикасы мен халыққа нақты пайда әкелу мәселелеріне ерекше назар аударылуы тиіс.
«Мемлекет басшысы Қазақстанды Еуразияның негізгі көлік торабына айналдыру міндетін қойды. Маңғыстау облысы еліміздің жаңа даму кезеңіндегі тірек өңірлердің біріне айналуы қажет. Заманауи кеме жасау базасының, мультимодальды авиациялық-логистикалық хабтың және Құрық портындағы көпфункционалды терминалдың салынуы Орта дәліздің көлік инфрақұрылымын кеңейтіп, тасымал тұрақтылығын арттырады әрі Маңғыстау облысы мен Ақтау қаласының еліміздің маңызды көлік-логистикалық орталығы ретіндегі рөлін күшейтеді. Үкімет барлық қажетті қолдауды көрсетеді. Әрбір жоба сапалы, белгіленген мерзімде және халыққа нақты нәтиже беретіндей жүзеге асырылуы тиіс», – деді Олжас Бектенов.
Қазақстан Транскаспий халықаралық көлік бағытының негізгі буыны болғандықтан, елдің логистикалық әлеуетінің артуы халықаралық маршруттың барлық қатысушыларына тікелей әсер етеді.
Грузиядағы Халықаралық Қаратеңіз университетінің профессоры, саясаттанушы Ника Читадзенің айтуынша, қазіргі геосаяси тұрақсыздық жағдайында Солтүстік бағыттың маңызы біртіндеп төмендеп, керісінше Орта дәліздің рөлі артып келеді.
«Қазір бұл бағыт арқылы жылына 4,5 млн тоннадан астам жүк тасымалданады. Болашақта бұл көрсеткіш 10 млн тоннаға дейін жетуі мүмкін. Қазақстанның Еуропа мен Азияның, Шығыс пен Батыстың түйіскен тұсында орналасуы көлік-логистика саласының әлеуетін айқын көрсетеді. Инфрақұрылымдық қуаттың артуы Қытай мен Еуропалық одақ елдері арасындағы сауда-экономикалық байланыстардың Орталық Азия және Оңтүстік Кавказ арқылы кеңеюіне ықпал етеді», – деді сарапшы.
Еуропалық одақтың Global Gateway жобасы аясындағы Транскаспий көлік дәлізінің үйлестіру платформасының аға сарапшысы Ғайдар Әбдікерімов көлік-логистика саласындағы жобалардың басты маңызы Қазақстанның экономикалық дербестігін қамтамасыз етуде екенін айтты.
«Қазақстан шетелде салған терминалдар салынған инвестицияны ақтап қана қоймай, стратегиялық міндеттерді де орындап отыр. Соның жарқын мысалы – контейнер өңдеу көлемі бойынша әлемдегі ең ірі он бес порттың бірі саналатын Ляньюньган порты. Сондай-ақ Қытайдың Сиань қаласында құрылған құрғақ портымыз негізгі жүк ағындарын тиімді шоғырландырып келеді. Маңғыстаудағы порт инфрақұрылымын дамыту – көлік саласына ғана емес, еліміздің экономикалық тұрақтылығына салынған инвестиция», – деді Ғайдар Әбдікерімов.
Соңғы 15 жылда Қазақстан көлік және логистика инфрақұрылымын дамытуға 35 млрд АҚШ долларынан астам қаржы инвестициялады. Қазіргі таңда республикада ұзындығы 754 шақырым болатын жаңа теміржол желілері салынуда. Бұл саланың жалпы өнім көлемін шамамен үш жарым есеге арттыруға мүмкіндік береді.
Жыл соңына дейін Мойынты – Қызылжар және Дарбаза – Мақтаарал теміржол учаскелерінің құрылысы аяқталады деп жоспарланып отыр. Бұл жобалар да еліміздің көлік жүйесі үшін стратегиялық маңызға ие.
Сонымен қатар барлық өңірде 124 теміржол вокзалын жаңғыртуға бағытталған әлеуметтік бағдарлама жүзеге асырылуда. Бұл – Тәуелсіздік жылдарындағы ең ауқымды жаңғырту жобасы.
Президент тапсырмасына сәйкес авиациялық инфрақұрылым да белсенді дамып келеді. Әсіресе туристік өңірлерде әуежайлар салынып, қолданыстағылары жаңғыртылуда.
Грузиялық саясаттанушы Ника Читадзенің пікірінше:
«Қазақстанның негізгі транзиттік мемлекет ретіндегі ұстанымы алдағы уақытта да нығая түседі. Үкімет пен ел билігі республиканың әлемдік аренадағы экономикалық әрі саяси рөлін күшейту үшін жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл мемлекеттің өндірістік әлеуетін барынша тиімді пайдалануға мүмкіндік береді».
Саланың көшбасшылық позициясын цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектке негізделген шешімдерді енгізу де күшейтіп отыр. Smart Cargo платформасы іске қосылды. Бірыңғай цифрлық терезе кедендік, логистикалық және коммерциялық қызметтерді ортақ цифрлық ортаға біріктірді. Келесі кезең – Еуразияның бірыңғай цифрлық көлік кеңістігін қалыптастыру. Бұл өз кезегінде тауар айналымын жеделдетуге мүмкіндік береді.
Қазіргі жағдайда логистика ұлттық бәсекеге қабілеттілік пен тұрақты экономикалық өсудің негізгі құралдарының біріне айналып отыр. Егер қазіргі даму қарқыны сақталса, Қазақстан транзиттен түсетін табысын едәуір арттырып, жаңа инвестициялар тартып, Шығыс пен Батысты жалғайтын стратегиялық көпір ретіндегі мәртебесін одан әрі нығайта түседі.