Қазақстанда кейінгі жеті жылда цифрландыру саласындағы негізгі көрсеткіштер айтарлықтай өскен. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің мәліметінше, 2019–2026 жылдары интернет инфрақұрылымы кеңейіп, мемлекеттік қызметтердің басым бөлігі онлайн форматқа көшті. Сонымен бірге IT және ғарыштық технологиялар экспорты артқан, деп хабарлайды dalanews.kz.
Осы аралықта Қазақстан БҰҰ-ның электронды үкіметтің даму деңгейі жөніндегі рейтингінде 39-орыннан 24-орынға көтерілді. Ал IT өнімдері мен қызметтерінің экспорты 38 есе өсіп, 30 млн доллардан 1,142 млрд долларға жеткен. Оның 633 млн доллары Astana Hub қатысушыларына тиесілі. Ғарыштық технологиялар экспорты да нөлдік көрсеткіштен 70 млн долларға дейін ұлғайған.
Елдегі интернеттің қолжетімділігі 84%-дан 98%-ға дейін артты. Орташа интернет жылдамдығы бұрынғы 21 Мбит/с деңгейінен 88–94 Мбит/с-қа дейін өскен. Бұдан бөлек, Қазақстанда 5G желісін енгізу жұмыстары жалғасып жатыр.
Мемлекеттік қызметтерді цифрландыру көрсеткіші жеті жыл ішінде 80%-дан 91%-ға жетті. Қазір электронды мемлекеттік қызметтердің 96%-ын смартфон арқылы алуға мүмкіндік бар.
Қолма-қол ақшасыз төлемдер нарығында да елеулі өсім тіркелген. 2019 жылы мұндай операциялардың көлемі 13,3 трлн теңге болса, 2026 жылы 186,3 трлн теңгеге жетіп, шамамен 14 есе артқан.
Осы көрсеткіштер цифрландырудың мемлекеттік қызметтерді онлайн форматқа көшірумен ғана шектелмей, IT индустриясы мен технологиялық экспортты дамытуға да ықпал етіп отырғанын көрсетеді.