Қазақстанда отын-энергетика кешенін цифрландыру аясында 20 жоба іске асырылып, жасанды интеллектіні қолдану арқылы энергия ресурстарының шығынын 90 пайызға дейін қысқарту жоспарланып отыр, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бұл туралы Үкімет отырысында Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов баяндады.
Министрдің айтуынша, Digital Qazaqstan стратегиясы аясында отын-энергетика кешенін цифрландыру бойынша үш бағытта 20 іс-шара жүзеге асырылып жатыр. Күтілетін жиынтық экономикалық әсер жылына шамамен 23 млрд теңгені құрайды.
Жыл соңына дейін басым жасанды интеллект шешімдерінің тізілімін, цифрлық егіздердің нысаналы архитектураларын және киберфизикалық қауіпсіздік архитектурасын бекіту жоспарланған. Бұл кәсіпорындарға дайын стандартты шешімдерді пайдаланып, тиімді жобаларды саланың басқа нысандарына жылдам енгізуге мүмкіндік береді.
Саладағы негізгі бағыттардың бірі – цифрлық егіздерді енгізу. «ҚазМұнайГаз» компаниясы «Ембімұнайгаз» кен орнында қабат, ұңғымалар және өндірістік инфрақұрылым туралы деректерді біріктіретін цифрлық егіз құру бойынша пилоттық жобаны іске асырып жатыр. Жобаны кеңінен енгізу мұнай өндіру көлемін қосымша 2,9 млн тоннаға дейін арттыруы мүмкін.
Сонымен қатар Астана әкімдігімен бірлесіп елорданың энергетикалық кешені нысандарының цифрлық егіздерін жасау жұмыстары жүргізілуде. Мұнда отынды 2,5 пайызға дейін үнемдеу көзделген.
Қазір энергетика саласында 45 жасанды интеллект жобасынан тұратын портфель қалыптастырылған. Газ саласында ИИ газ тұтынуды болжау үшін қолданылып, болжам дәлдігін 86 пайызға дейін жеткізу көзделіп отыр.
Мұнай-газ саласында жасанды интеллект мұнай өнімдерінің айналымын талдауға пайдаланылады. Мұнда жоспарлау дәлдігін 85 пайызға дейін арттыру жоспарланған. Электр энергетикасында ИИ өндірістік қауіпсіздікті күшейту үшін енгізіліп, өндірістік оқиғалар санын 78 пайызға дейін азайту күтіледі.
Цифрландырудың тағы бір бағыты – энергетикалық нысандардың кибер және физикалық қауіпсіздігін күшейту. Оның ішінде киберқауіптерді анықтау, технологиялық жүйелерді қорғау, кибершабуылдар кезіндегі мамандардың іс-қимылын пысықтау, сондай-ақ ұшқышсыз ұшу аппараттарын анықтау және бейтараптандыру шаралары қарастырылған.
Бұл бағыттар ACR Center – отын-энергетика кешенінің киберфизикалық орнықтылығы саласындағы перспективалық әзірлемелер орталығы аясында біріктіріледі. Биыл алғашқы салалық ENERFORT кибероқу-жаттығулары өткізілді. Мұндай оқу-жаттығуларды жыл сайын өткізу жоспарланып отыр.
Сонымен бірге генерациялау, беру және бөлу нысандарындағы негізгі жабдықтардың жағдайын онлайн бақылау жүйесі енгізілуде. Цифрлық егіздермен қатар турбиналар, қазандықтар мен трансформаторлар арнайы датчиктермен жабдықталады. Нәтижесінде апаттылықты 25 пайызға төмендету көзделген.
Министрліктің тағы бір мақсаты – мұнай мен мұнай өнімдерінің ұңғымадан жанармай құю станциясына дейінгі қозғалысын толық бақылау. Ол үшін энергия ресурстарының айналымын есепке алу, оны жасанды интеллект арқылы талдау және тұтынуды болжау жүйелері енгізіліп жатыр.
2026 жылы мұнай-газ және энергетика салаларындағы цифрлық егіздердің пилоттық жобаларын іске асыруға, жасанды интеллект шешімдерін енгізуге және бірыңғай цифрлық архитектураны бекітуге басымдық берілмек.
2029 жылға қарай барлық жоспарланған іс-шараларды аяқтап, отын-энергетика кешенін цифрлық деректер негізінде басқаруға көшу жоспарланған.