Қазақстанның демографиялық болашағы: урбанизация ел экономикасына қалай әсер етіп жатыр?

Қазақстанның демографиялық болашағы: урбанизация ел экономикасына қалай әсер етіп жатыр?
Фото: ЖИ

Әлемде халықтың қалаға көшу үрдісі жылдан-жылға күшейіп келеді. Бұрын тұрғындардың басым бөлігі ауылдық жерде өмір сүрсе, бүгінде адамдардың негізгі бөлігі қалаларда тұрады. Сарапшылар мұны индустрияның дамуы, еңбек нарығындағы өзгерістер және ауыл шаруашылығындағы технологиялық жаңарумен байланыстырады, деп хабарлайды dalanews.kz.

БҰҰ деректеріне сүйенсек, 1950 жылы әлем халқының шамамен 40%-ы ауылдық жерде тұрған. Дәл осындай үлес ірі қалаларда өмір сүрген, ал қалған 20%-ы шағын қалаларда қоныстанған.

"QZ Economy.Талдау" телеграм арнасының мәліметінше, 2025 жылға қарай жағдай түбегейлі өзгерген. Қазір әлем тұрғындарының 45%-ы ірі қалаларда, 36%-ы шағын қалаларда тұрады. Ал ауылдық жердегі халықтың үлесі небәрі 20%-ға дейін азайған.

Сарапшылардың айтуынша, бұл өзгеріске ең алдымен экономиканың даму қарқыны әсер етті.

"Индустрияландыру дәуірінде ірі және шағын кәсіпорындар, логистика, сауда, білім беру және қызмет көрсету салалары қалаларда қарқынды дами бастады. Мұның бәрі көп жұмыс күшін қажет етті. Сондықтан адамдар жұмыс іздеп қалаларға қоныс аударды", - дейді дереккөз.

Сонымен қатар ауыл шаруашылығында заманауи техника мен жаңа технологиялардың енгізілуі еңбек өнімділігін арттырды. Соның нәтижесінде бұл салада бұрынғыдай көп жұмысшы қажет болмай қалды. Ал жаңа жұмыс орындары негізінен қалаларда ашылғандықтан, көші-қон үдерісі күшейе түсті.

Дәл осындай үрдіс Қазақстанда да байқалады. 1999 жылғы халық санағының қорытындысы бойынша ел тұрғындарының 43,6%-ы ауылдық жерде тұрған болса, бүгінде бұл көрсеткіш 36,4%-ға дейін төмендеген.

Мамандар мұны табиғи әрі әлемдік үрдіске сай өзгеріс деп есептейді.

"Урбанизация – еңбек өнімділігін арттыратын негізгі факторлардың бірі. Өйткені қалада адам капиталы, өндіріс, инфрақұрылым мен инвестиция бір жерге шоғырланады. Соның арқасында экономиканың тиімділігі артады", - дейді дереккөз.

Соның нәтижесінде бүгінде Астана мен Алматы жеке өздері кейбір ірі облыстардан да көп жалпы ішкі өнім өндіреді.

Қазақстанның урбандалу деңгейі көрші елдермен салыстырғанда да жоғары.

  • Қырғызстанда халықтың шамамен 57%-ы ауылдық жерде тұрады;
  • Өзбекстанда – 50%-ға жуық;
  • Тәжікстанда – 70%-ға жуық;
  • Әзербайжанда – 45%-ға жуық.

Бұл көрсеткіштер Қазақстанда адам капиталының едәуір бөлігі қалаларда шоғырланғанын аңғартады. Сарапшылардың пікірінше, дәл осы фактор өңдеуші өнеркәсіп пен жоғары технологиялы өндірістерді дамытуға мүмкіндік береді.

Экономикалық көрсеткіштер де осыны дәлелдейді. Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 306 млрд долларды құрайды. Бұл – 147 млрд долларлық Өзбекстанның экономикасынан шамамен екі есе жоғары. Оның үстіне Қазақстан халқы Өзбекстан халқынан екі есеге жуық аз.

Ал жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім Қазақстанда шамамен 15 мың долларды құрайды. Бұл көрсеткіш Өзбекстанмен салыстырғанда 3,8 есе жоғары.

"Мұндай айырмашылық еңбек өнімділігіне және экономиканың күрделілік деңгейіне байланысты. Ал бұл көрсеткіштер адам ресурстарының қалалар мен агломерацияларда шоғырлануына тікелей тәуелді", – деп атап өтті QZ Economy.Талдау.