Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі бір апта ішінде Қазақстаннан ірі көлемде қолма-қол ақшаны заңсыз алып шығуға жасалған ондаған әрекеттің жолын кесті, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ведомство мәліметінше, 30 маусым мен 7 шілде аралығында мемлекеттік шекарадағы өткізу бекеттерінде декларацияланбаған шетел валютасын алып өтуге қатысты 38 дерек тіркелген. Анықталған қаражаттың жалпы көлемі 636 миллион теңгеден асты.
Ең ірі жағдай Жамбыл облысындағы «Қордай» автомобиль өткізу пунктінде анықталған. Тексеру барысында шетел азаматының жүгінен 350 мың АҚШ доллары табылған. Оның құны 170 миллион теңгеден асады.
Аталған фактілердің барлығы бойынша материалдар процестік шешім қабылдау үшін құзырлы органдарға жолданды.
ҰҚК Шекара қызметі Қазақстан заңнамасына сәйкес, белгіленген талаптар сақталмаған жағдайда 10 мың АҚШ долларының баламасынан асатын қолма-қол қаражатты ел аумағынан алып шығуға тыйым салынатынын еске салды.