Freedom Inside '26

Қазақстаннан заңсыз шығарылған 190 мың тонна бензин анықталды

Қазақстаннан заңсыз шығарылған 190 мың тонна бензин анықталды
pixabay.com

Жыл басынан бері Қаржылық мониторинг агенттігі жанар-жағармай материалдарын Қазақстаннан заңсыз шығарудың 712 әрекетінің жолын кесті, деп хабарлайды dalanews.kz.

ҚМА мәліметінше, Ішкі істер министрлігі мен ҰҚК Шекара қызметімен бірлескен жұмыстардың нәтижесінде мұнай өнімдерінің заңсыз айналымы мен контрабандасына қатысты 8 сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған.

Маңғыстау облысында 2022 жылдан бері есепке алынбаған 28,5 мың тоннадан астам мұнайды өңдеген заңсыз шағын мұнай өңдеу зауыты анықталды. Тергеу мәліметінше, өндірілген өнім мазут ретінде рәсімделіп, кейін шетелге шығарылған.

Ал Түркістан облысында мемлекеттік шекара астынан қазылған арнайы тоннель арқылы Өзбекстанға бензин өткізумен айналысқан трансұлттық қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды. Бұл іс бойынша кінәлілер ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылған.

Сонымен қатар Қырғызстанға АИ-92 маркалы бензинді заңсыз тасымалдаған қылмыстық топқа қатысты тергеу аяқталды. Заңсыз шығарылған жанармай көлемі 190 мың тоннадан асып, оның жалпы құны 37 миллиард теңгеден жоғары болған.

Соңғы заңсыз тасымалдау әрекеттерінің бірінде «Түрксіб» станциясында шамамен 500 тонна бензин тиелген сегіз теміржол цистернасы ұсталды. Құны 138 миллион теңге болатын жанармай мемлекет кірісіне тәркіленді.

Қаржылық мониторинг агенттігі елдің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ішкі нарықта жанар-жағармай тапшылығына жол бермеу мақсатында мұнай өнімдерінің заңсыз айналымына қарсы жұмыстар жалғасатынын мәлімдеді.