Түркияда сатылымға шығарылған нысандар саны өткен жылмен салыстырғанда бірден 129%-ға артқан. Бұл туралы Түркия парламентіндегі оппозициялық Республикалық халық партиясының депутаты Седа Кая Өсен мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz түріктің Turizm Ajansi басылымына сілтеме жасап.
Депутаттың айтуынша, тек өткен жылдың өзінде 4 мыңнан астам қонақүй жұмысын тоқтатқан. Сонымен қатар шамамен 1 500 туристік нысан сатылымға қойылған. Бұған шығындардың күрт өсуі, жоғары инфляция, салық жүктемесінің артуы және валюта саясатына қатысты мәселелер себеп болған.
Түркия статистика институты (TÜİK) мен салалық сарапшылардың деректері де саладағы теңгерімсіздікті растаған. Мәліметке сәйкес, қонақүй бизнесінің операциялық шығындары бір жыл ішінде 61,5%-ға өскен, ал шетел валютасының бағамы небәрі 19%-ға ғана көтерілген. Соның салдарынан, әсіресе орта сегменттегі қонақүйлер табыстылық шегіне жақындаған.
Седа Кая Өсен ресми есептерде туристер ағыны көбейді деп көрсетілгенімен, қонақүйлердің нақты толу деңгейі төмендеп жатқанын айтты. Оның сөзінше, бұл көрсеткіш 2024 жылғы 51,9%-дан 2025 жылы 49,5%-ға дейін азайған.
Көптеген қонақүй иелері пандемия кезінен қалған қарыздар, қызметкерлерге кететін шығындар, электр энергиясы мен салық төлемдерінің өсуі салдарынан нысандарын шұғыл сатуға мәжбүр. Бұдан бөлек, Түркияның әлеуметтік сақтандыру қоры (SGK) мен салық органдары тарапынан мүлікті бұғаттау қаупі де жағдайды ушықтырып отыр.
Саладағы қиындықтарға өңірлік қақтығыстар да әсер еткен. Олар броньдардың жаппай тоқтатылуына себеп болып, қонақүйлерді соңғы сәтте орындарын арзандатылған «жанып тұрған жолдамалармен» сатуға итермелеп жатыр.