Қазақстандықтар бір жылда сұлулыққа 127 млрд теңге жұмсаған

Қазақстандықтар бір жылда сұлулыққа 127 млрд теңге жұмсаған
Фото: ЖИ

Қазақстанда шаштараздар мен сұлулық салондарына сұраныс артып келеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша сұлулық индустриясында көрсетілген қызметтердің жалпы көлемі 127,3 млрд теңгеге жеттіБұл туралы Ұлттық статистика бюросы мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Жалпы соманың жартысынан астамы шаштараз қызметтеріне тиесілі. Былтыр қазақстандықтарға 67,5 млрд теңгенің шаштараз қызметі көрсетілген. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 5,3%-ға көп.

Маникюр мен педикюрді қоса алғанда, косметикалық қызметтердің көлемі 7,5 млрд теңгені құрады. Ал сұлулық салондары ұсынатын өзге қызметтерге 52,3 млрд теңге тиесілі.

Бьюти-индустрия қалалармен қатар ауылдық жерлерде де дамып келеді. Мәселен, 2025 жылы ауылдарда көрсетілген шаштараз қызметтерінің көлемі бір жылда 4,2%-ға өсіп, 34,3 млрд теңгеге жеткен. Ауылдық жерлердегі сұлулық салондарының өзге қызметтері 1,9 млрд теңгені, ал косметологиялық қызметтер 814,9 млн теңгені құрады.

"2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстандағы сұлулық саласындағы қызметтердің көлемі 127,3 млрд теңгеге жетті. Оның жартысынан астамы шаштараз қызметтеріне тиесілі", – делінген мәліметте.

Бұл ретте шаштараздар мен сұлулық салондарының қызметі бірнеше жылдан бері үздіксіз қымбаттап келеді. Баға кейінгі 54 ай бойы бірде-бір рет төмендемеген. Жалпы, статистика жүргізілген 2011 жылдан бері бұл саладағы қызмет бағасының арзандауы тіркелмеген.

"2026 жылдың алғашқы айларында да өсім жалғасты. Ең жоғары көрсеткіш қаңтарда тіркеліп, қызмет бағасы бір айда 2,3%-ға қымбаттаған. Ақпанда баға 0,8%-ға, наурызда 1,9%-ға, сәуірде 1,5%-ға, мамырда 1,4%-ға өсті", - делінген хабарламада.