Қазақстандықтар балықты бұрынғыдан көп тұтына бастады

Қазақстандықтар балықты бұрынғыдан көп тұтына бастады
ЖИ: Dalanews.kz

Қазақстанда балық тұтыну көлемі айтарлықтай артқан. 2025 жылы елде 106,5 мың тонна балық сатылып, бұл өткен жылмен салыстырғанда 13%-ға көп болған, деп хабарлайды dalanews.kz.

Бұл туралы Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Серік Сермұхамбетов мәлімдеді. Оның айтуынша, сатылған өнімнің 50 мың тоннаға жуығын отандық балықшылар аулаған. Тағы 23 мың тоннасы балық өсірумен айналысатын шаруашылықтарда өндірілген.

Сонымен қатар Қазақстан шетелден 55 мың тонна балық импорттаған, ал экспорт көлемі 21 мың тоннаны құраған. Серік Сермұхамбетовтың сөзінше, елдегі жан басына шаққандағы балық тұтыну көлемі де өскен.

«Бір жыл ішінде әрбір қазақстандықтың балық тұтынуы 4 келіден 7 келіге дейін артты. Дегенмен дәрігерлер бір адамға жылына 11 келі балық тұтынуды ұсынады», – деді комитет төрағасы.

Сондай-ақ ол Үкіметтің алдағы жылдарға арналған жоспарын еске салды.

«2030 жылға қарай елімізде жыл сайын өсірілетін балық көлемін 270 мың тоннаға жеткізу және табиғи су айдындарындағы балық қорын 237 мың тоннаға дейін ұлғайту міндеті қойылған», – деді Серік Сермұхамбетов.