Қазақстандық спортшы, пауэрлифтингші Гузал Ергешева 8 тамызда Англияда қайтыс болды. Параспортшы соңғы уақытта сол елде күйеуімен бірге тұрған, деп хабарлайды dalanews.kz.
Қаралы хабарды тележүргізуші Әдел Оразалинова, көпшілікке Адель Смит есімімен танымал жүргізуші жеткізді. Оның айтуынша, олар спортшымен 30 жылға жуық уақыт жақын дос болған.
Әдел Оразалинованың сөзінше, Гузал Ергешеваның түнде ұйықтап жатқан кезінде талмасы ұстаған. Қайғылы жағдайдан бір күн бұрын спортшы күйеуінің туыстарымен уақыт өткізіп, кейін досымен кездескен.
«Ол жүрегі махаббатқа толы, сүйікті, жарқын, алға қойған жоспары көп және достыққа адал жан еді», – деп жазды Әдел Оразалинова.
Қазіргі уақытта марқұмның отбасы оның денесін Қазақстанға жеткізу жұмыстарын ұйымдастырып жатыр.
Әдел Оразалинова әлеуметтік желі арқылы Ұлыбританиядан мәйітті елге қайтару рәсіміне қатысты ақпарат сұрап, сондай-ақ Қазақстан консулдығының өкілдерімен байланысуға көмек қажет екенін жеткізген.