Freedom Inside '26

Қазақстандық Ресейде тыңшылық күдігімен ұсталды

Қазақстандық Ресейде тыңшылық күдігімен ұсталды
ЖИ: Dalanews.kz

Байқоңырда тату шебері болып жұмыс істеген Қазақстан азаматы Ресей аумағында тыңшылық жасады деген күдікпен ұсталды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Бұл туралы Адам құқықтары жөніндегі халықаралық федерация (FIDH) хабарлады.

Ақпаратқа сәйкес, қазақстандық Ресейдің Украинаға қарсы әскери іс-қимылын ашық қолдамаған және осыған байланысты Ресей жағында соғысқан жергілікті тұрғындардың бірімен арада жанжал туындаған. Кейін оны Ресейдің Орынбор қаласындағы фитнес-орталықтың қабырғасына сурет салып беру туралы ұсыныспен шақырған. Ресей аумағына барған соң ол құқық қорғау органдары тарапынан ұсталған.

Тергеу нұсқасына сәйкес, қазақстандық Ресейдің әскери бөлімдерінің орналасуы туралы мәліметті украиналық блогерге берген деген күдікке ілінген. Қазір ол Орынбордағы тергеу изоляторында қамауда отыр. Ұсталған азаматтың жұбайының айтуынша, іс бойынша негізгі дәлел ретінде әскери бөлімдер туралы мәліметтер көрсетілген кестенің скриншоты ұсынылған. Алайда оның бұл ақпаратты электрондық пошта, мессенджер немесе басқа байланыс құралдары арқылы жолдағанын дәлелдейтін айғақтар жоқ.

Сондай-ақ әйелінің мәлімдеуінше, ұсталғаннан кейін азамат азаптауға ұшыраған. Бұған қоса, оның денсаулығында бұрыннан бар мәселелер де бар екені айтылды.

Еске салайық, бұған дейін Германияда Ресей үшін тыңшылық жасады деген күдікпен Қазақстан азаматы ұсталған болатын