Қазақстандықтарға Ұлыбританияға виза алу жеңілдеуі мүмкін

Сағыныш Сардарова 16 сәу. 2026 12:08

Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы виза режимі алдағы уақытта жеңілдеуі мүмкін. Бұл жаңа стратегиялық серіктестік туралы келісімге байланысты. Құжатты бүгін Сенат депутаттары ратификациялады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Әңгіме Қазақстан Республикасы мен Ұлыбритания, Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігі арасындағы стратегиялық серіктестік және ынтымақтастық туралы келісім жайында болып отыр. Бұған дейін наурызда құжатты Мәжіліс мақұлдаған болатын.

Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетовтың айтуынша, келісім күшіне енгеннен кейін алғашқы қадам ретінде виза рәсімдерін жеңілдету қарастырылады. Яғни студенттерге, оқытушыларға, ресми делегациялар мен бизнес өкілдеріне талаптар жеңілдеуі мүмкін.

Оның сөзінше, Ұлыбритания кейінгі уақытта көші-қон саясатын қатаңдатып жатқанымен, Қазақстан бұл мәселені екіжақты келіссөздер барысында тұрақты түрде көтеріп келеді. Ратификация жаңа келіссөздерге негіз қалыптастырып, виза режимін жеңілдету бағытындағы диалогті ілгерілетуге мүмкіндік береді.

Айта кетейік, 2025 жылы Ұлыбритания үкіметі көші-қонды қысқарту туралы ресми мәлімдеме жасаған. Ал 2026 жылы 8 сәуірден бастап бұл елде виза алымы өсті.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove