Соңғы бір жылда қазақстандық ауқатты азаматтар банктік депозиттерге балама іздеуге белсенді кірісті. Қаржы нарығындағы өзгерістерге байланысты депозиттен тыс салынған қаражаттың үлесі 30 пайыздан 40–45 пайызға дейін артқан. Сарапшылардың бағалауынша, бүгінде 10–12 трлн теңгеге жуық жеке капитал банк жүйесінен тыс айналымда жүр. Бұл үрдістің себебін Qazaq Expert Club сарапшысы, қаржыгер Саида Тілеуленова түсіндірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оның айтуынша, 2025–2026 жылдары теңгедегі депозиттердің орташа мөлшерлемесі 13–15 пайыз деңгейінде болғанымен, инфляцияны ескергенде нақты табыс 4–6 пайыздан аспайды.
«Көп адам депозитті табыс ретінде көреді. Бірақ инфляцияны алып тастағанда, кіріс айтарлықтай азаяды. Сондықтан инвесторлар ақшаны әртараптандыруға көшті», - дейді Саида Тілеуленова.
Сарапшының айтуынша, бүгінде ауқатты қазақстандықтардың инвестициялық портфелі бірнеше негізгі бағытқа бөлінген. Ең үлкен үлесті облигациялар алып отыр. Мемлекеттік және квазимемлекеттік облигациялардың жылдық табыстылығы 12–14 пайыз, ал корпоративтік облигацияларда бұл көрсеткіш 14–18 пайызға дейін жетеді. Бұл депозитке қарағанда тартымдырақ, ал тәуекел деңгейі шамалас.
Сонымен қатар акциялар мен ETF-қорларға деген қызығушылық артып келеді. Мұндай инвестициялар валютада есептегенде 6–9 пайыз дивидендтік табыс әкелуі мүмкін, ал акция бағасының өсуін қосқанда, жылдық әлеуетті кіріс 10–12 пайызға жетеді.
Жылжымайтын мүлік те капитал құрылымында маңызды орын алып отыр. Алайда көзқарас өзгерген. Қазір ол тез пайда табу құралы емес, капиталды сақтаудың тәсілі ретінде қарастырылады. Үлкен қалаларда тұрғын үйді жалға беруден түсетін табыс орта есеппен 5–7 пайыз, ал коммерциялық жылжымайтын мүлікте 8–10 пайыз шамасында. Бағаның өсу қарқыны бұрынғыдай жоғары емес.
Бұдан бөлек, жеке бизнеске, инфрақұрылымдық жобаларға және стартаптарға инвестиция салатындар да бар. Мұндай баламалы инвестициялар 15–40 пайызға дейін табыс әкелуі мүмкін, бірақ тәуекелі де жоғары. Сондықтан бұл бағыт барлық инвесторға бірдей қолайлы емес.
Саида Тілеуленованың айтуынша, бүгінгі қазақстандық инвесторды сипаттайтын басты белгі - ақылға қонымды әртараптандыру.
«Қазір эмоция аз, есеп көп. Негізгі мақсат - кез келген жолмен пайда табу емес, капиталды ұзақ мерзімде сақтап, біртіндеп көбейту», - дейді қаржыгер.
Сарапшының пікірінше, бұл үрдіс Қазақстанда инвестициялық мәдениеттің жаңа кезеңге өткенін көрсетеді.
