ҚР Ұлттық Банкі басты макроэкономикалық факторларды сараптайтын мамырдағы Ақша-кредит саясаты туралы баяндамасын жариялады. Оның егжей-тегжейімен Dalanews.kz сайтынан танысып, біле отырыңыздар.
Аталған құжатқа сүйенсек, ақша нарығының мөлшерлемелері базалық мөлшерлеменің динамикасына сәйкес қалыптасып, дәліз шегінде сақталды. Депозиттік мөлшерлемелердің динамикасы базалық мөлшерлемедегі өзгерістердің әсерін сипаттайды, бұл орайда корпоративтік салымдар бойынша мөлшерлемелердің бейімделуі жедел жүзеге асты.
Нақты цифрларға келетін болсақ, 2025 жылғы сәуірдің соңындағы жағдай бойынша депозиттік ұйымдардағы депозиттер жылдық мәнде 20,5%-ға ұлғайды. Өсімге негізгі салымды ұлттық валютадағы депозиттер (жылына +19,9% енгізді, бұл теңгедегі депозиттер мен валюталық салымдар арасындағы пайыздық мөлшерлемелердің елеулі дифференциалы аясында олардың тартымдылығы сақталғанын көрсетеді. Сонымен қатар, шетел валютасындағы депозиттер көлемі жыл бойында 22,6%-ға өсті. Бұл өсім көбіне айырбас бағамының қайта бағалану әсерімен, ал аз дәрежеде – жаңа қаражат ағынымен байланысты.
Базалық мөлшерлеменің өсуі депозиттер, әсіресе теңгедегі корпоративтік салымдар, бойынша пайыздық мөлшерлемелердің ұлғаюына әкелді (2025 жылғы қаңтардағы 14,1%- дан сәуірде 15,4%-ға дейін). Жеке тұлғалардың салымдары бойынша мөлшерлемелер біршама қалыпты қарқынмен – 0,5 п.т. өсіп, 14,0%-ды құрады.
"Банк секторындағы депозиттер теңгелік салымдардың өсуі және шетел валютасындағы салымдардың бағамдық қайта бағалануы аясында өсті. Корпоративтік кредиттеу құны, негізінен, базалық мөлшерлеменің серпініне сәйкес қалыптасты, ал тұтынушылық кредиттер бойынша мөлшерлемелер бөліп төлеу үлесінің ықпалымен қалыптасуын жалғастырды. Ипотекалық мөлшерлемелерде айтарлықтай өзгеріс байқалмады. Кредиттеудің жалпы өсу қарқыны жоғары деңгейде сақталды. Ақша массасының өсуі несие беру арнасы мен сыртқы активтердің ұлғаюы есебінен қамтамасыз етілді", делінген Ұлттық Банк баяндамасында.
Ұлттық валютадағы бизнес кредиттері бойынша орташа өлшенген мөлшерлеме 2025 жылғы қаңтар–сәуір аралығында ағымдағы жылғы наурызда базалық мөлшерлеменің өсуі аясында 0,3 п.т. артты.
"Ірі және орта кәсіпорындарға берілетін кредиттер бойынша мөлшерлемелер базалық мөлшерлеменің көтерілуіне айқынырақ әсер етіп, тиісінше 1,1 п.т. және 1,3 п.т. өсті, шағын бизнеске берілетін несиелер бойынша мөлшерлемелердің өсуі онша айқын болмады (0,4 п.т.). Жеке кредиттік мөлшерлемелер іс жүзінде бұрынғы деңгейде қалды", делінген құжатта.
Тұтынушылық кредиттер бойынша мөлшерлемелер тұтынушылық қарыздардың жалпы көлеміндегі бөліп төлеу үлесінің өзгеруіне қарай қалыптасуын жалғастыруда. 2025 жылы ақпан–сәуір айларында тұтынушылық кредиттер бойынша мөлшерлеме 19–21% аралығында болды. Ипотекалық мөлшерлемелер де айтарлықтай өзгерген жоқ, 10–11% деңгейінде сақталуда.
2025 жылғы сәуірде банктердің несиелік портфелі халық пен бизнесті несиелендірудің жалғасқан өсуі нәтижесінде жылдық есепте 20,4 %-ға артты.
"Халықтың несиеге деген сұранысы әлі де жоғары деңгейде сақталып отыр. Тұтынушылық несиелер өсімінің баяулауына қарамастан 2025 жылғы сәуірде халыққа берілген несиелер жылдық есепте 22,4%-ға өсті. 2025 жылғы сәуірде ипотекалық портфельдің жылдық өсімі 12,7% болды. 2025 жылғы наурызда "Наурыз" бағдарламасы аясында жеңілдетілген ипотекаға өтінімдер қабылданды. Күтулер бойынша, бұл 2025 жылдың алдағы айларында ипотекалық несиелеудің өсуіне ықпал етеді. 2025 жылғы сәуірде ірі және орта бизнес субъектілерін несиелеу белсенділігі жоғары деңгейде сақталды", - дейді Ұлттық Банк.
ЕДБ тарапынан бизнесті кредиттеу осы жылдың наурыз айында екі таңбалы өсім қарқынымен жалғасты (жылына 17,3%-ға). Бұл негізінен нақты сектор кәсіпорындарының инвестициялық жобаларды іске асыруы аясында ірі және орта кәсіпорындарды кредиттеудің жеделдеуімен байланысты. Ал, сәуір айында шағын кәсіпорындарды несиелеу біршама баяулап, жылына 10,4% деңгейінде қалыптасты. Депозиттік нарық белсенді өсімді және базалық мөлшерлеменің өзгерістеріне сезімталдықты көрсетуде.
"Маусымдық құлдырауға қарамастан, үй шаруашылықтарының жинақтау деңгейі ең жоғары көрсеткшітерге жуық шамада сақталып отыр. Сондай-ақ, 2024 жылдың қараша айынан кейінгі төмендеуден соң, осы жылдың наурыз–сәуір айларында жинақтаушы халықтың үлесі артқаны байқалады. Осылайша, ағымдағы ақша-кредит саясатындағы депозиттік нарықтың әрекеті пайыздық ынталандыруға сезімтал екенін көрсетеді және трансмиссиялық механизмнің тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз етеді", - дейді Ұлттық Банк сарапшылары.
Валюта бағамының динамикасы сыртқы және ішкі факторлардың әсерінен қалыптасады. Сәуір айында қаңтармен салыстырғанда теңге негізінен ішкі факторларға байланысты 1,1%-ға нығайды.
ҰҚ және квазимемлекеттік сектор тарапынан валютаны сату, сондай-ақ алтын сатып алу операцияларын "шағылыстыру" тәсілі арқылы қолдау көрсетті. Ақпан айында шетел валютасына маусымдық сұраныстың төмендеуі маңызды фактор болды. Наурыз-сәуір айларында теңгенің аздап әлсірегені байқалды. Бұл құбылыс, негізінен, АҚШ-тың импортқа тариф енгізуі және жаһандық сауданың баяулауына қатысты күтулер аясында әлемдік мұнай бағасының төмендеуімен байланысты болды.
Бұған дейін сайтымызда "Маусым айындағы инфляция, доллар бағамы, базалық мөлшерлеме: сарапшылар болжамы қандай" деген материал жарияланған болатын.