Петропавл мен Шарм-эль-Шейх арасында тікелей әуе рейсі ашылады

Ақтоты Жапатова 12 мау. 2025 16:30

Петропавлда халықаралық бағыттағы жаңа әуе қатынасы іске қосылады. 2 шілдеден бастап Қызылжар әуежайынан Мысырдың Шарм-эль-Шейх курортына тікелей рейстер ұша бастайды,- деп хабарлайды Dalanews.kz

Бұл туралы Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов пен «Қызылжар халықаралық әуежайы» ЖШС-нің жаңа директоры Октем Мұстафа Йылтан арасындағы кездесу барысында белгілі болды. Тараптар әуежайдың даму болашағы, инфрақұрылымды жаңарту және жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыру мәселелерін талқылады.

Сонымен қатар, кездесуде түнгі рейстерге рұқсат берілуі және жаңа жанармай құю станциясының іске қосылуы сынды инфрақұрылымдық жетістіктер де айтылды. Бұл әуежайдың тәулік бойы жұмыс істеуіне мүмкіндік беріп, ірі әуе кемелерін қабылдауға жол ашпақ.

Алдағы уақытта Петропавлдан басқа да халықаралық бағыттарға рейстер ашу жоспарда бар. Жаңа бастамалар өңірдің көлік әлеуетін арттырып қана қоймай, туристік тартымдылығын да күшейтеді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар