Депутат Нұргүл Тау балалар лагерлерін лицензиялауды жеделдетуді талап етті

Көркем Алдабергенова 04 ақп. 2026 11:11

Мәжіліс депутаты Нұргүл Тау балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру мен лагерьлердің қауіпсіздігіне қатысты мәселелерді көтеріп, Премьер-Министрдің орынбасары Аида Балаеваның атына депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Депутаттың айтуынша, балалар лагерьлері мәселесі жыл сайын тек жаз мезгілінде көтеріліп, маусым аяқталған соң назардан тыс қалып келеді.

«Елімізде жыл сайын тек жаз айларында көтеріліп, маусым аяқталған соң қайта ұмыт қалатын өзекті мәселе бар. Ол балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру және балалар лагерьлерінің қауіпсіздігі мен қызмет сапасын мемлекеттік деңгейде жүйелеу», – деп атап өтті Нұргүл Тау.

Оның мәліметінше, 2025 жылы республикада жыл бойы жұмыс істейтін 17 сауықтыру орталығы ғана болған, ал тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында елде 500-ге жуық балалар лагері жұмыс істеген. Қазіргі таңда лагерьлер саны 2,5 есеге азайып, балалардың басым бөлігі бұл қызметпен қамтылмай отыр.

Депутат жекеменшік лагерьлер саны артқанымен, олардың қызметі жүйелі түрде реттелмей отырғанын айтты. Оның сөзінше, саланы лицензиялау мен бақылаудың әлсіздігі сапасыз әрі қауіпті лагерьлердің пайда болуына жол ашып отыр.

Сауалда соңғы жылдары тіркелген бірқатар даулы оқиғалар да келтірілген. Атап айтқанда, 2023 жылы Алматыда балалардың «сауна» орнында ашылған лагерьге жіберілуі қоғамда үлкен резонанс тудырған. Ал Шымкенттегі «Үш бұлақ» лагерінде белгіленген нормадан асырып бала қабылдау фактісі анықталған.

Төтенше жағдайлар министрлігінің дерегіне сүйенген депутат 2024 жылы 157 лагерь объектісінде 1 237 өрт қауіпсіздігі бұзушылығы анықталғанын, ал 64 нысанның талапқа сай емес жағдайда жұмыс істегенін атап өтті.

Нұргүл Таудың айтуынша, бұл жағдайлар жекеменшік балалар лагерлерін лицензиялау жүйесінің болмауы мемлекеттік саясаттағы елеулі олқылық екенін көрсетеді. Айта кетейік, лицензиялау 2025 жылдан енгізілуі тиіс болған, алайда бұл талап кейін 2026 жылға шегерілген.

Осыған байланысты депутат Үкіметке бірқатар нақты ұсыныс жолдады. Ол балалар лагерьлерін лицензиялауды кейінге қалдырмай, 2026 жылдың жазына дейін толық енгізуді, мемлекеттік үйлестіру механизмін қайта жандандыруды және балалар лагерьлері үшін жеке экономикалық қызмет түрі кодын (ОКЭД) бекітуді ұсынды.

Сондай-ақ жекеменшік лагерьлерге мемлекеттік қолдау көрсету қажеттігін айтты.

«Балалар лагері – жай ғана маусымдық қызмет емес, бұл – баланың денсаулығы, қауіпсіздігі және құқықтарының сақталу мәселесі», – деп түйіндеді депутат.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove