Мемлекет басшысының экономиканы цифрландыру жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында Электрондық қаржы орталығы» АҚ (Qarjy Digital) Ұлттық тауарлар каталогына (ҰТК) ауқымды жаңғырту жүргізді. Бұл жоба Қазақстан Республикасындағы тауар айналымын бақылаудың ашық әрі бірыңғай жүйесін қалыптастырудағы негізгі элементке айналды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Жобаның қазіргі кезеңіндегі басты нәтиже – ҰТК деректер базасының он есе ұлғаюы. Егер бұрын каталогта 1,3 млн номенклатуралық позиция болса, қазір олардың саны 15 млн-ға жетті. Енді нарықта айналымда жүрген әрбір тауар 13 таңбалы бірегей цифрлық паспортқа ие болады:
NTIN – тауарды өткізу үшін,
KZTIN – мемлекеттік сатып алулар үшін.
Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі өкілдерінің айтуынша, Ұлттық тауарлар каталогының бірыңғай экожүйесін құру кеден органдары, салық қызметі және мемлекеттік сатып алу жүйесі арасындағы бұрыннан келе жатқан деректердің бытыраңқылығын жойды. Ортақ жіктеу тауар қозғалысын өндіру немесе импорт сәтінен бастап түпкі тұтынушыға берілетін фискалдық чекке дейін толық бақылауға мүмкіндік береді. Бұл есептегі қателіктер мен тауар сипаттамаларын алмастыру тәуекелін азайтады.
Жаңартылған ҰТК-ның басты ерекшелігі – каскадты жасанды интеллект моделінің енгізілуі. Машиналық оқыту алгоритмдері «цифрлық санитар» рөлін атқарып, деректерді автоматты түрде тексеріп, қате және қайталанатын жазбалардан тазартады. Интеллектуалды жіктеу арқасында тауарларды халықаралық стандарттармен (ОКТРУ, ТН ВЭД және өзге де анықтамалықтар) сәйкестендіру бірнеше минутта жүзеге асады. Ал тану дәлдігі 80 пайыздан асады.
Ведомство мәліметінше, ҰТК-ны Қаржы министрлігінің ақпараттық жүйелерімен, соның ішінде электронды шот-фактуралармен (ЭСФ) және мемлекеттік сатып алулар порталымен ықпалдастыру бизнес пен мемлекет үшін жаңа мүмкіндіктер ашып отыр.
Бизнес үшін бұл – бюрократиялық жүктеменің азаюы, экспорт-импорт операцияларының жеделдеуі және процестердің болжамдылығының артуы. Ал мемлекет үшін – контрафактілік өнімге қарсы тиімді күрес, баға белгілеуді нақты уақыт режимінде бақылау және экономиканың ашықтығын күшейту.
Нарықты кезең-кезеңімен бейімдеу үшін Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі, Қаржы министрлігі және Атамекен ҰКП арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат Ұлттық тауарлар каталогының талаптарын біртіндеп енгізуді көздейді.
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап NTIN/XTIN кодтарын электронды шот-фактураларды, тауарларға ілеспе жүкқұжаттарды (СНТ), сондай-ақ Мемлекеттік сатып алудың бірыңғай порталындағы құжаттарды (жүкқұжаттар мен қабылдау-тапсыру актілері) рәсімдеу кезінде міндетті түрде көрсету талап етіледі.
Өтпелі кезеңде сауда операцияларының тоқтап қалмауы үшін уақытша XTIN кодтарын қолдану тетігі қарастырылған.
