Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі межрайондық сотында елорда тұрғынына үкім шығарылды. 40 жастағы ер адамға қатысты қылмыстық іс қозғалуына WhatsApp тобында жолдаған екі аудиохабары себеп болған, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Сот материалдарына сәйкес, өткен жылдың қыркүйек айында елорда тұрғыны жатақханадағы бөлмесінде сыра ішіп отырып, WhatsApp тобындағы хабарламаларды оқыған. Аталған топ негізінен жүк көлігі жүргізушілерінен құралған және жүк тасымалына қатысты ақпарат алмасуға арналған.
Сол күні жүргізушілер елордаға кіреберісте іске қосылған автоматтандырылған көлік таразысы жүйесіне наразылық білдіріп жатқан. Бұл мәселе бойынша түрлі пікір айтылған: бірі жүк тасымалын мүлде тоқтатуды ұсынса, енді бірі қызмет құнын көтеруді талап еткен. Ал бұл іске қатысты айыпталған азамат мәселені радикалды жолмен шешуді ұсынған: жүк көліктеріне отырып, үкімет ғимараттары орналасқан ауданға барып, жолдарды жауып тастау. Сонымен қатар, екі аудиохабарламасында қару алып шығу қажет екенін де айтқан.
Араға 15–20 минут салып, ер адам сөздерінің орынсыз екенін түсініп, аудиожазбаларды өшіріп, ұйықтап қалған. Бірақ сол түні оның үйіне полиция келіп, оны бөлімшеге алып кеткен. Кейін белгілі болғандай, бұл топта жүк жүргізушілерінен бөлек, бақылаумен айналысатын жедел қызмет өкілі де болған. Полиция қызметкері аудиожазбаларды тыңдап, сақтап үлгерген.
Алдымен ер адамға қатысты әкімшілік іс қозғалып, 15 тәулікке қамалды. Кейіннен қылмыстық іс те тіркелген.
Сотта айыпталушы кінәсін толық мойындап, істеген ісіне өкінетінін айтып, мұндай әрекетті қайталамайтынына уәде берген. Ол аудиохабарламаларды мас күйінде, эмоцияға беріліп жібергенін түсіндіріп, заңсыз митингке, бүлікке немесе билік өкілдеріне күш қолдануға шақыру ниеті болмағанын айтқан. Алайда сот тағайындаған психологиялық-филологиялық сараптама бұл сөздердің қарулы әрекетке итермелейтін тілдік құрылымдар барын дәлелдеген.
Үкім
Нәтижесінде сот азаматты Қылмыстық кодекстің 272-бабы 3-бөлігі бойынша («Билік өкілдерінің заңды талаптарына бағынбауға, жаппай тәртіпсіздікке немесе азаматтарға күш қолдануға шақыру») кінәлі деп танып, 2,5 жыл мерзімге бостандығын шектеу жазасын тағайындады.
Үкім шығару кезінде сот айыпталушының қайтыс болған бауырының екі кішкентай баласын асырап отырғанын, жағымды мінездемелерін және жасаған ісіне шын өкінетінін ескерген.