Samsung теледидарларының қазіргі модельдерін, соның ішінде премиум-серияларын шығару туралы келісімге қол қойылды. Өндіріс Қарағанды облысы, Саран қаласындағы Silk Road Electronics кәсіпорнында орналаспақ. Бұл жоба Қазақстан мен Орталық Азияда жоғары технологиялық өнімге деген өсіп келе жатқан сұранысты қанағаттандыруға мүмкіндік береді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Samsung Electronics тұтынушылық электроника саласындағы технологиялық көшбасшы ретінде тұтынушыларға заманауи технологиялар мен ерекше пайдаланушы тәжірибесін ұсынып келеді. Енді Қазақстанда өндірістің іске қосылуы біздің компания үшін маңызды оқиға болмақ. Бұл жергілікті нарыққа жақындай түсуге және өнімдеріміздің қолжетімділігін арттыруға септігін тигізеді", – деді Samsung Electronics Central Eurasia президенті Джонг Юджин ханым.
Жоба аясында өндірісті локализациялау жаңа жұмыс орындарын ашуға және өндірістік инфрақұрылымды дамытуға жағдай жасайды.
"Бұл ынтымақтастық біздің зауыт үшін ғана емес, жалпы Қазақстанның индустриялық дамуы үшін де жаңа мүмкіндіктер ашады. Samsung Electronics компаниясымен бірлесе отырып, отандық тұтынушыларға әлемдік деңгейдегі өнімдерді қолжетімді бағамен ұсына аламыз", – деді Silk Road Electronics зауытының директоры Александр Крицкий.
Жоба Өнеркәсіпті дамыту қорының қолдауымен жүзеге асырылып жатыр. Өндірісті 2025 жылдың екінші тоқсанында іске қосу жоспарланып отыр. Қазақстанда жасалған алғашқы Samsung теледидарлары сол жылдың екінші жартысында сатылымға шығады.