Қазақстандық оқушылар робототехникадан әлем чемпионы болды

Асель Қайратқызы 03 қар. 2025 12:24

Қазақстанның робототехника ұлттық құрамасы 2025 жылғы Панама-Сити қаласында өткен FIRST Global Challenge Әлемдік олимпиадасында төртінші рет қатарынан жеңіске жетті. Алматы қаласындағы NIS мектебінің оқушылар командасы абсолютті чемпион атанып, 190 елдің қатысушыларынан озып шықты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қазақстандықтар турнирдің ең жоғарғы екі жүлдесін жеңіп алды: Grand Challenge Award — жарыстың басты кубогы және Albert Einstein Award — көрнекті инженерлік шешімдер, инновациялар және командалық жұмыс үшін берілетін сыйлық.

Ұлттық құраманың сапында 9–10 сынып оқушылары Рашат Досымжан, Даулет Ілияс, Алихан Орынбасаров, Мадиар Әсетұлы және Нурасыл Турсымбаев сынға түсті. Оларды дайындаған бапкерлер: Дулат Байтуленов, Нурдаулет Досмагамбет және Асылбек Мурзахметов.

Панамадағы жеңіс Қазақстанның бұған дейінгі жеңісті жолының дәстүрлі жалғасы болды. Еліміздің дарынды жастары Женевада (2022), Сингапурда (2023) және Грецияда (2024) жеңіске жеткен. Осылайша, Қазақстан FGC тарихында төрт мәрте чемпион атанған жалғыз мемлекетке айналды.

Биылғы жарыстың тақырыбы — «Eco-Equilibrium» — биологиялық әртүрлілікті сақтау және экологиялық тепе-теңдік. Қазақстандық робот рекордтық дәлдік пен тиімділікті көрсетті, елдің жаһандық STEM аренасында өсіп келе жатқан технологиялық әлеуетін танытты.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар