Қазақстандық кадеттер – Алматыдағы шахматтан ӘЧ-2025 триумфаторлары: үш алтын және жалпыкомандалық жеңіс

Ақтоты Жапатова 01 қаз. 2025 09:49

Алматы 2025 жылғы 19–30 қыркүйек аралығында Балуан Шолақ атындағы СКК аренасында кадеттер арасындағы (U8–U12) әлем чемпионатын қабылдап, шахматтың әлемдік астанасына айналды. Турнирге 88 ел мен аумақтан 842 жас шахматшы қатысты, олардың ішінде Қазақстанның барлық 20 өңірінен 229 өкіл болды. Жарыс 11 турдан тұрды, ол швейцариялық жүйе бойынша классикалық уақыт бақылауымен өтті – партияға 90 минут және әр жүріске 30 секунд қосылады. Бұл туралы Қазақстан шахмат федерациясының баспасөз қызметі мәлімдеді,- деп хабарлайды Dalanews.kz

Қазақстанның жас жұлдыздары – 8 жастағы Алиша Бисалиева (G8), Әдинұр Әділбек (O8) және 12 жастағы Данис Қуандықұлы (O12) – алтын медаль иегерлері атанды. Ал ұлттық құрама екінші жыл қатарынан жалпыкомандалық есепте бірінші орынды иеленді.

«Бүгін біз тарихи сәттің куәсі болдық: Қазақстан тағы да дарындар елі екенін дәлелдеді. Біздің жас шахматшыларымыз әлем біріншілігінде ел намысын қорғап, тұғырдың ең биік сатысына көтерілді. Жасына қарамастан, балалар нағыз жеңіске деген жігер, төзімділік пен мінез көрсетті. Олар баршамызға – өз жолын жаңа бастаған балаларға да, Қазақстанның жаңа белестерді бағындырып жатқанын көріп отырған ересектерге де шабыт сыйлады. Мемлекет басшысы шахмат спортын дамытуға ерекше көңіл бөліп, оны кеңінен тарату арқылы зияткер ұлт қалыптастырудың маңыздылығын бірнеше рет атап өткен. Мемлекеттің жүйелі қолдауының арқасында біздің шахматшылар халықаралық турнирлерде ел намысын абыроймен қорғап келеді», – деді ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов.

Сайыс шын мәнінде шахмат мерекесіне айналды. Жас ойыншылар шеберлігін, мінезін және стратегиялық талантын көрсетті. Қазақстан тек әлемдік деңгейде турнир ұйымдастырып қана қоймай, өзінің шахмат мектебінің мықтылығын дәлелдеді. Жалпыкомандалық есепте Қазақстан үш алтынмен бірінші орын алды. Қытай мен АҚШ екінші және үшінші орындарды бөлісті: әрқайсысы бір алтын, бір күміс және бір қола жүлдеден жинады. Қытай жалпы ұпайда АҚШ-ты басып озды – 26½ ұпайға қарсы 25½.

«Біз ең жоғарғы деңгейде шахмат тарихындағы ең ауқымды турнирлердің бірін өткізіп, рекордтық қатысушылар санын жинадық және Алматыға нағыз мерекелік атмосфера сыйладық. Әсіресе символдық мәні зор – дәл осы жерде, өз отанында, біздің жас шахматшылар тарихи жетістікке жетті. Алиша, Әдинұр және Данис әлем чемпиондары атанды, ал Қазақстан бүкіл әлемге бізде ең мықты шахмат мектебі бар екенін және жаңа буын көшбасшылары өсіп келе жатқанын көрсетті», - атап өтті Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов.

Шахматтан 2025 жылғы кадеттер арасындағы әлем чемпионатының нәтижелері:

G8 санаты (94 қатысушы):

  1. Алиша Бисалиева (1704, Қазақстан) – 9½ ұпай;
  2. Чжу Цзяхэ (1630, Қытай) – 9;
  3. Болд-Эрдене Целмег (1661, Моңғолия) – 8½.

O8 санаты (150 қатысушы):

  1. Адинур Адильбек (1935, Қазақстан) – 9½ ұпай;
  2. Фёдор Сидельников (1720, FIDE) – 8½;
  3. Ван Юйсюань (1728, Қытай) – 8½.

G10 санаты (115 қатысушы):

  1. WCM Шарвааника Сараванан (1971, Үндістан) – 9 ұпай;
  2. WCM Чинзориг Нандинджигуур (1887, Моңғолия) – 9;
  3. Киянна Парихар (1728, Үндістан) – 8½.

O10 санаты (185 қатысушы):

  1. Юань Шуньчжэ (1805, Қытай) – 9 ұпай;
  2. CM Ле Фан Хоанг Куан (2031, Вьетнам) – 9;
  3. AFM Мани Сарбарто (2072, Үндістан) – 8½.

G12 санаты (123 қатысушы):

  1. Лейси Ванг (1883, АҚШ) – 8½ ұпай;
  2. WFM Лори Кью (1994, АҚШ) – 8½;
  3. Милана Соколова (1870, FIDE) – 8½.

O12 санаты (175 қатысушы):

  1. CM Данис Куандыкулы (2211, Қазақстан) – 9 ұпай;
  2. CM Али Пойраз Уздемир (2196, Түркия) – 9;
  3. CM Итан Гуо (2330, АҚШ) – 8½.

Қазақстан әлемдік аренадағы үстемдігін орнатып келеді. 2024 жылы Италияның Монтесильвано қаласында Алана Берікқызы (G10) мен Марк Смирнов (O12) чемпион атанып, Ханзада Аманжол (G12) күміс алды. Бұл Қазақстанға медальдық есепте бірінші орын әкелді. 2023 жылы Египеттің Шарм-эш-Шейх қаласында Данис Қуандықұлы (O10) алтын, Айару Алтынбек (G12) қола жүлдегер атанды. Алматы-2025 турниріндегі үш алтын Қазақстанның көшбасшылығын нығайтты, ал екі дүркін әлем чемпионы атанған Данис Қуандықұлы жаңа буынның символына айналды.

Қазақстан шахмат федерациясының бірінші вице-президенті Дармен Садуақасов:

«Қазақстан кадеттер арасындағы Әлем чемпионатында екінші жыл қатарынан жалпыкомандалық бірінші орынды иеленді. Өткен жылы Италияда біз екі алтын жеңіп алдық. Биыл Алматыда алты алтынның үшеуін алдық. Әлемнің көшбасшы елдері – Қытай, Үндістан және АҚШ – бір-бір алтыннан ғана алды. Бұл жетістік ерекше қуантады, себебі ол өз жерімізде, 88 ел қатысқан рекордтық турнирде орын алды. Бұл ғаламат табыс, біз жас дарындарымызды мақтан тұтамыз».

Алматыдағы триумф – бұл тек спорттық жеңіс емес, сонымен қатар жас шахматшылар үшін шабыт көзі. Алиша Бисалиева, Әдинұр Әділбек және Данис Қуандықұлы өз есімдерін тарих беттеріне жазды. Қазақстан шахмат державасы ретінде беки түспек, ал Алматы жаңа жұлдыздар жанған аренаға айналмақ.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар