Қазақстандық ерікті жастар пластик бұйымдармен күресті қолға алды

Dalanews 19 шіл. 2022 15:14 778

Ақмола облысы Атбасар ауданында тұратын қазақшаға жетік Иван елімізде эко-еріктілер қозғалысын құруға ынталы деп хабарлайды Dalanews.kz.

Иван Жабаев бастаған Атбасарлық ерікті жастар қоршаған ортаны пластика бұйымдардан тазалау мақсатында сауапты, жауапты жобаны қолға алған екен.

Экологияға зардабын тигізбейтін сәнді сапалы эко сөмкелер тігуді қолға алған жеткіншектер осы арқылы "Қазақстанда эко-еріктілер қозғалысын құруға бастамашы боламыз" дейді.

"Төңірегіміз пластикалық пакеттерге толы. Олар жерге сіңбейді. Керісінше, қоршаған ортаны улап, әлгі пакеттерден уақыт өте келе зиянды заттар бөлінеді. Олар көкөністерге, жеміс-жидектерге араласады, айналып келіп біздің дастарханымызға түседі. Мұның бәрі біздің денсаулымызға кері әсерін тигізеді», – дейді волонтер.

Жеткіншектің идеясын өзімен бірге оқитын тетелестері қолдап, қуаттай кеткен. Атбасарлық волонтерлер Иванға көмектесу мақсатында арнайы акция ұйымдастырып, шара кезінде жиналған қаражатты эко-сөмкелер жасауға бағыттаған.

«Шыны керек, жобаны бастамай тұрып ешбіріміз де мұндай сөмкелерді қалай тігуді білмедік. Бірақ, не нәрсеге болмасын үйренеді екенсің. Өз жобамызды еліміздегі экологияға бейжай қарамайтын мекемелерге ұсынып аздаған грант ұтып алдық. Бұл сөмкелер аудан тұрғындарының арасында ерекше сұранысқа ие. Аудан халқы волонтерліктің не екенін енді-енді түсініп келеді», – дейді жеткіншектер.

Атбасарлық волонтерлер алдағы уақытта «Полиэтилен сөмкелерге жол жоқ!» атты ауқымды акция өткізуді жоспарлап отар. Олар аудан халқынан осынау шарадан қалыс қалмауды сұрайды.

Ал еріктілер жасап шыққан сөмкелердің сырт жағында «Мен пластикке қарсымын!», «Мен экобелсендімін» деген маңызды жазулар жазылған. Сарапшылардың дерегінше, бүгіндері Қазақстанда 490 мың тоннаға жуық пластик өнімдері жинақталып қалған. Оларды қайта өңдеу ісін шұғыл қолға алу қажет. Статистика агенттігінің мәлімет еткеніндей 2019 жылы еліміздегі пластиктің 90 мың тоннасы ғана сортталыпты.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар