Бұл күн – барша отандастарымызды ынтымақ пен бірлікке бастайтын күн. Қазақстан мемлекеттілігінің негізін қалаушы – еліміздің Тұңғыш Президенті Н. Ә. Назарбаевтың жан-жақты сараланған ішкі және сыртқы саясатының арқасында еліміз дамудың ілгерілеу мен өркендеу жолымен келеді.
Қазақта: «Тарихты тұлғалар жасайды» деген сөз бар. Әр ұлттың өзіндік тарихын қалыптастырған ұлы тұлғалар болады. Олар қаншама уақыт өтсе де сол ұлттың данасы ретінде санаға бекіп, адамзаттың ортақ азаматына айналады. Бұл ретте, егемен Қазақстанның негізін салудың және нығайтудың тарихи миссиясы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа тиесілі.
Тәуелсіз мемлекеттің негізін қалаушы Президент барша қазақстандық мойындаған және халықаралық қоғамдастық тарапынан құрметке ие болған кемеңгер тұлға.
Биыл Елбасымыз киелі Мақтаарал ауданын тарихи қалпына келтіріп, мақталы өлкенің болашағын айқындап берді. Соның арқасында 21 жыл бойы шетте қалып, дамудан кешеуілдеген Мырзакент пен Атакент кенттері, басқа да ауылдық округтер дамудың даңғыл жолына түсті. Біз жаңа ауданда мәдениет пен өнерімізді, білім мен ғылымды, өнеркәсіп пен бизнесімізді дамыту арқылы ұлы мақсаттарға жететін боламыз.
Мақтаарал ауданына бірнеше рет аяқ басқан ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назарбаев мақтааралдықтарға үлкен сенім білдіретінін айтқан. Мәселен, «Мақтаарал – Оңтүстік Қазақстанның» жүрегі деген сөзі әлі күнге дейін бізге шабыт береді. Міне, Елбасымыздың сенімі үдесінен шығу мақсатында ауданда ауқымды істер атқарылып, тарихи қалпына келген Мақтааралды дамытуға бағытталған жаңа жобалар жасалуда.
Қарашаның ортасында 3 күнге созылған ұлан-асыр тойымызды өткізіп алдық. Мақтаарал ауданының 90 жылдық мерейтойына Өзбекстан Республикасының Сырдария облысынан арнайы делегация келіп, тойымыз халықаралық деңгейге ұласты. Облыс басшысы Ж.Қ.Түймебаев мерейтойымыздың ашылу салтанатына қатысып, еңбекқор мақтааралдықтарға деген ізгі тілегін арнады. Сондай-ақ, ауданымыздан түлеп ұшып республикамыздың түрлі жерлерінде жүрген атақты түлектер, осы жерде туып-өсіп, Германия, Греция, Ресей сияқты т.б. мемлекеттерде тұрып жатқан өзге ұлт өкілдері қонаққа келді. Мұның барлығы да – мақталы Мақтаарал ауданының Республикада, тіпті тұтас ТМД-да абыройы мен беделінің жоғары екендігін көрсетіп берді.
Қадірлі жерлестер! 1 желтоқсан – біздің тарихымыздың жаңа ақ парағы ашылған күн. Тәуелсіздікті тұғырына қондырған, елді ерлікке жеткізген Ұлт Көшбасшысы 1 желтоқсанда ел тізгінін ұстады. Осы күні президенттік институтқа қадам бастық.
Тұңғыш Президенттің бастамаларына қолдау жасай отырып, еліміз көп биікті бағындырды. Мемлекетіміздің әлем елдері арасындағы абыройы уақыт санап артып келеді. Мұның барлығы да бүгінгі тәуелсіздігімізді тұғырлы ету жолындағы Тұңғыш Президентіміз – Елбасының еселі еңбегінің, көреген жасампаздығының жемісі.
Осынау ел халқының бірлігі мен берекесін ұлықтап, мемлекеттің мерейін асыратын мереке күні Сіздерге зор денсаулық, отбасылар-ыңызға бақ пен береке, шаңырақтарыңызға шаттық тілейміз!
Бақыт Асанов, Мақтаарал ауданының әкімі