Қазақстандағы оқу бағдарламалары жаңа Конституция нормаларына сәйкестендірілді

Қазақстандағы оқу бағдарламалары жаңа Конституция нормаларына сәйкестендірілді
pixabay.com

Қазақстанда білім беру стандарттары мен оқу бағдарламалары жаңартылған Конституция нормаларына сәйкес қайта қаралды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, жаңа оқу жылының басында мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттары мен үлгілік оқу жоспарлары негізгі заңның жаңартылған ережелеріне сәйкестендірілді.

«Бүгінгі таңда елімізде 12 мыңнан астам мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді, оларда 1 млн-нан астам бала тәрбиеленуде. Оның ішінде 360 мың бала мектепалды даярлықтан өтті», – деді министр.

Қазіргі уақытта 20 қалада және облыстардың 23 ауданында ваучерлік қаржыландыру бойынша пилоттық жоба жүзеге асырылып жатыр. Жоба аясында 1,1 млн ваучер берілген.

Нәтижесінде 2 жастан 6 жасқа дейінгі балалардың балабақша кезегі 160 мыңнан 23 мыңға дейін қысқарған. Сонымен қатар бюджет қаражатының 35,3 млрд теңгесі үнемделді.

Балалардың мамандықтар туралы алғашқы түсінігін қалыптастыру және еңбекке тәрбиелеу мақсатында 100 балабақшада «Ерте жастан еңбекке және кәсіпке баулу» ерте кәсіптік бағдарлау әдістері пилоттық режимде енгізіліп жатыр.

Министрдің мәліметінше, бүгінде Қазақстандағы 8 мыңнан астам мектепте 4,1 млн оқушы білім алуда. Биыл 380 мың бала бірінші сыныпқа қабылданады. 11-сыныпқа 227 мың оқушы көшкен. Өткен оқу жылында 230 мыңнан астам оқушы мектеп бітірген.

Жаңа оқу жылынан бастап мектептердегі білім беру мазмұны бірнеше міндетті оқу курсымен толықтырылады.

Атап айтқанда, 5-7-сынып оқушылары үшін «Конституция негіздері» пәні енгізіледі. 8-11-сынып оқушылары «Заң және тәртіп» міндетті оқу курсын оқиды.

Сонымен қатар 5-11-сыныптарда «Жеке қауіпсіздік» міндетті оқу курсы енгізіледі.

Бұған дейін таңдау пәні ретінде оқытылып келген «Құқық негіздері» курсы енді барлық оқушы үшін міндетті пәнге айналады. Оның мазмұны жаңа Конституцияның қағидаттарына сәйкес жаңартылады.