Кәсіпкер әрі қоғам белаендісі Айдарәлі Раманов Қазақстандағы ауылдардың басым бөлігі жойылу қаупіне жақындап қалғанын мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Оның айтуынша, кейінгі алты айда ел ішіндегі көші-қон мен әлеуметтік өзгерістердің нақты көрінісін зерттеу үшін 35,5 мың шақырым жол жүріп, Түркістан, Жамбыл, Алматы, Қызылорда, Ұлытау, Қарағанды, Ақмола, Абай, Жетісу және Павлодар облыстарындағы 134 ауылдың жағдайына талдау жасаған.
“Кейбір ауылдарда небәрі 8-9 үй ғана қалған. Жүргізілген талдау нәтижесінде ауылдардың шамамен 70 пайызы, әсіресе Ұлытау, Қарағанды, Павлодар және Абай облыстарындағы елді мекендер жақын бір-екі жылда картадан жойылудың алдында тұрғанын байқадым. Бұл жай ғана урбанизация емес, елдің демографиялық және экономикалық қауіпсіздігіне төнген үнсіз қатер”, – деді Раманов.
Ол ауылдардың әлсіреуіне көбіне инфрақұрылым мәселелері емес, әлеуметтік институттардың құлдырауы әсер етіп отырғанын атап өтті.
Рамановтың сөзінше, ауылды ұстап тұрған негізгі тірек – мектеп. Егер мектеп жабылса немесе мәртебесі төмендесе, бұл бүкіл ауылдың тарауына алып келетін тізбекті процеске жол ашады.
“Мектептің функционалдық өлімі – ауылдың заңды түрде жойылуы. Мектеп жабылған соң мұғалімдер мен техникалық қызметкерлер қысқарады, тұрақты табыс көзі жоғалады. Баласының болашағын ойлаған ата-аналар көшуге мәжбүр болады. Соның нәтижесінде ауыл босап қалады”, – деді ол.
Мысал ретінде қоғам қайраткері Ұлытау облысындағы Мибұлақ және Абай облысының Жаңасемей ауданындағы Абыралы ауылдарын атады.
Оның мәліметінше, биыл бұл ауылдардағы 10-11 сыныптарды небәрі екі-үш оқушы ғана бітірген, ал келесі оқу жылында жоғары сыныптарға баратын бала болмайды.
Сондай-ақ Айдарәлі Раманов Абай облысындағы Балтатарақ ауылында жүргізілген тәжірибе ауылдарды нақты өндірістік экономика арқылы дамытуға болатынын көрсеткенін айтты.
“Ауылды мемлекеттік субсидиямен емес, өндіріс пен жұмыспен қамту арқылы ғана жандандыруға болады. Бизнес бар жерде жұмыс бар, жұмыс бар жерде өмір бар”, – деді ол.
Раманов қазіргі геосаяси жағдайда азық-түлік қауіпсіздігінің маңызы артып отырғанын айтып, Қазақстанның аграрлық әлеуеті Орталық Азия, Қытай және Таяу Шығыс нарықтарын азық-түлікпен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін жеткізді.
Осыған байланысты ол шағын ауылдардағы мектептерді стратегиялық нысан ретінде сақтау, ауыл шаруашылығын жергілікті кластерлер негізінде дамыту және ет пен астық өндірісін экспортқа бағыттау қажет деген ұсынысын айтты.
“Ауыл – біздің тек өткен тарихымыз емес, экономикалық егемендігіміздің негізі. Жерді картадағы шекара емес, ондағы еңбек пен адам сақтайды”, – деп түйіндеді Айдарәлі Раманов.